Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ынтымақтың адамы мен малы "ынтымақтасып", бір арықтан су ішіп отыр

"Ол тазартылмаған су зиян, ішек құрт ауруларын тудырады. Тазартылмаған суда тұз болады. Бүйрек те отырады", - дейді тұрғын.

Ынтымақтың адамы мен малы "ынтымақтасып", бір арықтан су ішіп отыр
фото: ашық дереккөз

"Арықтағы лас суды ішіп, ауру болатын болдық". Бұл – Түркістан облысындағы Ынтымақ елді мекені тұрғындарының жанайқайы. "Астана" телеарнасына хабарласқан ауыл халқы жергілікті шенеуніктердің әрекетсіздігіне шағымданған, деп хабарлады paryz.kz.

Елді мекеннің құрылғанына 20 жылдан астам уақыт өтсе де, онда әлі күнге дейін ауыз су жоқ. Халық мал ішетін арықтан су тұтынуға мәжбүр.

"Келесі ауылдың арасы – жарты сағат. Машинамен барғанның өзінде. Сол жақтан тасып әкелгендер тасып әкеледі. Көлігі жоқтар кәдімгі арықтан ағып жатқан суды таңертең ерте тұрып, тұндырып алып ішеді. Ол тазартылмаған су зиян, ішек құрт ауруларын тудырады. Тазартылмаған суда тұз болады. Бүйрек те отырады", - дейді тұрғын Гүлжаухар Бақтиярқызы.

Осы мәселе бойынша тілшілермен тікелей байланысқа Келес ауданы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шырынбеков шықты.

"Бұл жағдай бақылауда. Қазір Ақтөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекенінде, 2 шақырымдық жерде мембраналық тазартқыш орнатылған. Сондай-ақ, жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, 2021 жылғы облыстық бюджетке ұсынылған. Таза ауыз су жүйлерімен қамтамасыз ету, су құбырының тартылысына бюджеттік өтім әзірленген. Қазіргі уақытта 2021 жылдың наурыз айында құрылысының басталуы жоспарлануда. Ол жерде тек 2017 жылы ғана жерасты зерттеу жұмыстары жүргізілген. Алдыңғы уақытта ол жерден су анықталмаған", - дейді ол.

Айтуынша, жоспарға сәйкес, 6 ай мерзім ішінде құрылыс жұмыстары аяқталады екен. Сонда ауыз су келесі жылдың соңына дейін болады. Оған дейін тарыққан тұрғындарға "малмен мал болуға" тура келіп тұр.