Қазақ хандығы мүлде болмағанын, «қазақтардың арғы атасы қытайлар» екенін айтқан қарағандылық әйелдің кім екені анықталды. Әйелге қатысты «Тіл тигізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қарағанды облысы Полиция департаменті хабарлады.
«Тексеріс кезінде әйелдің жеке басы анықталды. Бұл факт ҚР ҚК 131-бабы «Тіл тигізу» бойынша қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен Қарағанды қаласы Орталық полиция бөлімінде ақпаратты тіркеу кітабында тіркелді», – делінген полиция таратқан хабарламада.
Материал тиісті шара қабылдау үшін Қарағанды қаласы Қазыбекби аудандық сотына жолданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде көшеде кетіп бара жатқандардан Қазақ хандығы қашан құрылғандығы туралы сауалға жауап берген әйелдің сөзі қызу талқыға түскен болатын. Егде жастағы әйел «Қайдағы хандық. Тарихта қазақтар болмаған, қазақтар қытайлардан тараған» деген болатын.