Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы барлық мәліметтерді планшетке ЖСН енгізу арқылы ІІМ деректер базасынан алатынын хабарлады.
Мәжілістің пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының оқылымында екі құжаттың алынуы мақұлданды, деп хабарлады paryz.kz, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі. Ол жол қозғалысы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында жүргізушілерді Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін және көлікті тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау көзделген. Сонымен қатар, аталған нормаларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылады. 10 жыл бұрын шығарылған автобустарды мемлекеттік тіркеуге тыйым салуды енгізу ұсынылып отыр", - деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин, заң жобасын таныстыра отырып.
Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы барлық мәліметтерді планшетке ЖСН енгізу арқылы ІІМ деректер базасынан алатынын хабарлады. Мемлекеттік тіркеу нөмірін енгізу арқылы көлік құралы туралы мәліметтер алынады. Егер интернет желісінде ақау туындаған жағдайда деректер кезекші бөлімнен радиобайланыс бойынша сұратылады.
Бұл ретте, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де Қазақстанда жүрген шетелдік азаматтардың өзімен бірге жүргізуші куәлігі және автокөлік құралына техникалық паспорты болуы тиіс екенін атап өтті.