Астанада ер адам бірге тұратын әйелдің көлігін өртеп жіберді, деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, қала тұрғыны Honda Logo автокөлігін бірге тұратын жігітінің өртеп жібергені туралы арызданған.
Тергеу барысында 31 жастағы ер адамның қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Жәбірленушінің жақында бірге тұратын ерімен қатты ұрысып қалғаны анықталды. Жанжал кезінде ер адам пәтердегі жиһаздар мен техниканы бүлдірген. Орын алған жанжалдан кейін ол тынышталмай, Әл-Фараби көшесінде әйелдің көлігін өртеп жіберген. Бұл әрекеттен кейін ол бірге тұратын әйелге көлікті қасақана өртеп жібергенін жазып, хабарлама жіберген. Әйел бірден полицияға жүгінді.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады.