Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Нұр-Сұлтанда Ақордаға бармақ болған ата-аналарды арнайы жасақ тоқтатты

"Президент тал ғана емес, адамдарға, оның ішінде мүгедектерге, олардың балаларына көмектесуі керек деп санаймыз", - дейді белсенді.

Нұр-Сұлтанда Ақордаға бармақ болған ата-аналарды арнайы жасақ тоқтатты
Фото: дереккөз

2 желтоқсанда, яғни бүгін он шақты ата-ана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат тапсыру үшін Ақорда маңына жиналды. Олар мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарапынан тегін баспана беруді талап етті, деп хабарлады Азаттық радиосы.

"Баспана кезегінде тұрғаныма 8-9 жыл болды. Қаншама бағдарламаға қатысып көрдік, ешқайсысына іліне алмадық. Өйткені, біз бала тәрбиелеп, үйде отырмыз. Жалақы жоқ. Сол себепті іліне алмаймыз. Мен сияқты ата-ана көп. Президент жанайқайымызды естісе дейміз. Баспана кезегіне 14 мыңыншы болып тұрғанмын, қазір 7 434-орында тұрмын. Пәтер жалдау оңай емес. Күйеуім ғана істейді. Үш айлық баламды үйде қалдырып, келіп тұрмын", - дейді Гүлзада Құдайбергенова.

Ата-аналар наразылығын қолдауға келген азаматтық белсенді Болатбек Біләловтің айтуынша, осыған дейін әкімдік өкілдері наразы ата-аналарға "жалға үй береміз, бірақ ол үшін баспана кезегінен шығасыздар" деген шарт қойған. "Кеше ғана Петропавлда 150 адамды жалға алған баспанасынан қуды деп жатыр. Ертеңгі күні бұларды да солай қуып жібермесіне кіп кепіл бола алады?" - дейді белсенді.

"Заң бойынша мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға тегін баспана берілуі тиіс. Бірақ ол заң баптары бізде жұмыс істемейді. Әкімдікке барсақ, Парламентке сілтейді. Парламенттің бізді қалай қарсы алғанын білесіздер. Конституция бойынша, азаматтардың құқықтарының орындалуына президент гарант болады. Сол гарантқа барып, осындай үнімізді жеткізгіміз келеді. Кеше бірнеше тал кесілген кезде президент мәселеге араласып, тоқтатты. Біз талды қорғауға қарсы емеспіз. Бірақ ең бірінші кезекте адам, адам құқығы болуы керек қой. Президент тал ғана емес, адамдарға, оның ішінде мүгедектерге, олардың балаларына көмектесуі керек деп санаймыз. Біз экстремист, террорист емеспіз. Заң бойынша талап-тілектерімізді жеткізуге құқымыз бар", - дейді Болатбек Біләлов.

Тағы да оқыңыз: Парламент ғимаратының алдына жиналған 20 шақты әйел баспана талап етті

Ақордаға беттеген ата-аналарды басында арнайы жасақ бөгеп, әрі қарай өткізбеді. Кейінірек 10 адамнан 5 кісі таңдалып, хатты тапсыру үшін қабылдау бөліміне қарай өтуіне рұқсат берді.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар былтырдан бері баспана мәселесін шешуді талап етіп келеді. Биыл жаз айларында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында түнеген әйелдерді полиция ұстап әкеткен.