Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматыда өзіне қол салған әскери қызметші хатында үш адамның есімін жазып кеткен

Алматыда өзіне қол салған екінші санаттағы сержант Ербол Мұсабалановтың туыстары әскеридің өліміне кінәлілерді жазаға тартуды талап етті, - деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы.

Алматыда өзіне қол салған әскери қызметші хатында үш адамның есімін жазып кеткен
Фото: ашық дереккөз

Жақындары мен достары Ербол Мұсабалановтың нағыз патриот болғанын айтады. Ол әскери қызметке 23 жылын арнаған. Өліміне де шыншылдығы себеп болуы мүмкін дейді туыстары.

«Өз хатында ол «Менің өліміме Қабақов, Ілиясовты, екінші санаттағы сержант Мажитовты кінәлаңдар» деп жазған. Соңғы хатында дәл осы үш есімді көрсеткен», – деді марқұмның ағасы Уәлихан Жүсіпов.

Басшылық тарапынан көрген қысым туралы Ербол жақындарына бірнеше рет айтқан. Жетіген әскери құрылымында жұмыс істегісі келмегендіктен, үш ай бойы Алматыдағы басқа бөлімге ауыспақ болыпты. Құжаттарын жинағанымен, басшылары қол қоймаған.

«Біз Боралдайдағы кадр бөліміне қоңырау шалдық. Ол «Маған ештеңе байланысты емес, басшы қалай дейді, солай болады» деді. Құжаттарын да өткізбей қойған. Кейін өзінен сұрамай, сыртынан Серебрянскіге ауысу туралы бұйрық шығарған», – деп қосты Уәлихан Жүсіпов.

Жақындары өзіне қол салуына да осы себеп болуы мүмкін екенін алға тартты. Бұйрық 6 қазанда шыққан. Ербол Мұсабаланов та дәл сол күні өзіне қол салған.

Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын Мұсабаланов жақындарына әскери бөлімдегі жемқорлық туралы ақпарат сақталған қатты дисктің барын айтыпты. Бұл туралы басқа адамдар да білсе керек. 11 қазанда туыстары тергеушімен бірге пәтеріне барғанда барлығы шашылып жатқанын көрген. Сыртқы блоктағы іздерге қарағанда пәтерге балкон арқылы кіргенін аңғаруға болады, -  дейді. Ал қатты диск пәтерде болмаған.

«Келісімшарт бойынша қызмет еткен екінші санаттағы сержант Ербол Мұсабалановтың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 201-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша іс қозғалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне қарай жария етуге жатпайды», – деді ҚР Қарулы күштері әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Әлім Ибраев.

Марқұмның жақындары әділ тергеу жүріп, істің барлық мән-жайы анықталады деп үміт артып отыр.