Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Елорда саудагерлері өздерін басынған басшылықты сотқа бермек

"Мен төлей алмаймын, кетемін десем, сенің депозитің қалады дейді. Мен неге қалдыруым керек? Менің де отбасым бар. Мен де пәтерде тұрамын..." - дейді Назгүл Ақболатова.

Елорда саудагерлері өздерін басынған басшылықты сотқа бермек
фото: 2gis.kz

Елордадағы сауда үйлердің бірінде тағы да шу шықты. Саудагерлер жалға алу бағасын пандемияға қарамастан шарықтатып жіберген "ASPAN BAZAR" сауда үйі басшылығының бассыздығына көне алатын емес. "Шыдамның шегіне жеттік" деген олар бүгін базар алдына наразылыққа шықты. Сатушылар "табысымыз күнкөрісімізге жетпей жатқанда, оны қалай төлейміз" деп күйінеді, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Мұндағы дау карантин басталғалы тоқтайтын емес. "Орын ақысын қымбаттамын" деген сауда үйінің қожайыны ақыры дегеніне жетіпті. Дүңгіршектердің ай сайынғы бағасын еш ескертусіз 50 пайызға дейін өсіріп жіберген. "Соны төлейсіңдер, болмаса, орынды босатасыңдар" деген көрінеді. Сатушылар болса, қымбатшылық осындайдан туады деп отыр.

"Аренданы көтерсе, біз бағаны көтереміз. Қазір қымбат қылып қойса, ешкім алмайды бізден тауарды. Басқа жерге барады. Қазір пандемия, ақша жоқ", - дейді саудагер Жасұлан Дайырбеков.

Мұнда 100-ден астам сауда нүктесі бар. Орташа жалдау бағасы 50 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Жиналғандар кетіп қалмақ та болған. Алайда, "сауда үйінің әкімшілігі оларды да басынып жатыр" дейді. Келісім-шартқа тұрар алдында жинап алынған қаражатты да бермей отыр екен.

"Мен төлей алмаймын, кетемін десем, сенің депозитің қалады дейді. Мен неге қалдыруым керек? Менің де отбасым бар. Мен де пәтерде тұрамын. Менде де кредит бар. Почему просто так должна отдавать?" - дейді келесі саудагер Назгүл Ақболатова.

Ал базар әкімшілігі атынан наразы топтың шағымын тыңдау үшін қызметкері ортаға шықты. Алайда, одан да мардымды жауап болмады. "Көптің базынасын басшылықтың құлағына жеткіземін" деп қана қысқа қайырды. Бір қызығы, мұны шешуге әкімдік те қауқарсыз екен. Олар екі тараптың әуел бастан қандай келісім-шартқа қол қойғанын білмейінше, араша түсе алмаймыз дейді. Алайда, наразы топқа қожайынның өзін сотқа беруге кеңес берді.

"Біз сауда үйіне ескерту жасадық. Жағдайды егжей-тегжей сұрап алдық. Егер саудагерлердің тағы шағымы болса, бізге ресми түрде арыз жазсын. Сосын біз барып, тексеріс жүргізе аламыз. Сауда үйінен ресми хат талап ете аламыз. Ал істің тез шешілуін қаласа, сотқа шағымданулары керек", - деді қалалық сауда және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің қызметкері Ермек Серікбаев.

Наразы топ шенеуніктердің айтуы бойынша ресми хат дайындады. Енді оны әкімдікке жолдамақ. Ал егер іс мұнымен бітпесе, сотқа да арыздануға бел буып отыр.