"Ханзада" лақап атымен танылған Амир Әлбази Instagram-да Жұмағұловқа арналған пост жариялады.
Аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі екінші қарсыласының сөзіне жауап берді, деп хабарлады paryz.kz.
Келесі жылдың қаңтар айында өтетін UFC 257 аясында қазақ спортшысының қарсыласы "Ханзада" лақап атымен танылған Амир Әлбази Instagram-да Жұмағұловқа арналған пост жариялады. Онда ол өзінің болашақ қарсыласына қарата "Жалғас Жұмағұлов, мен сен үшін барамын" деп жазып, қолына тапанша ұстап тұрған суретін шығарған.
Қазақ файтері Әлбазидің сөзіне қарымта қайтарып, жылқының үстінде отырған суретін салып: "Мен өзім-ақ келемін. Сен қазақтардың кім екенін және көшпенділердің рухын сезесің" деген жазба қалдырды.
Естеріңізге сала кетейік, осы айда Жұмағұловтың UFC-дегі екінші жекпе-жегі кейінге шегерілген болатын. Енді ол Әлбази екеуі октагонда Конор Макгрегор мен Дастин Порье шығатын турнирде жекпе-жекке шығады.