Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Әйелдер тыр жалаңаш қатысатын ойын: қазақта мұндай дәстүр болған ба?

Желіде бұрын қазақта болған ойынның суреті талқылап жатыр. Ол "түйе шешпек", "тайлақ тартпақ" немесе "жалаңаш би" деп аталады. Оған әйелдер тыржалаңаш қатысады деп айтылады. Massaget тілшісі мұндай ойын қайдан шыққанын анықтады, деп жазады paryz.kz

Әйелдер тыр жалаңаш қатысатын ойын: қазақта мұндай дәстүр болған ба?
Фото: ашық дереккөз

Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл ойын қазақта ғана емес, түркі тайпаларында болған. Ойынның шарты бойынша үстінде қалың кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің бұйдасын жалаңаш әйел тісімен шешіп жетектеп әкетуі керек. Оған жас келіншек шығады екен.

Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста "түйені шешпекке" шыққан әйел "үлкендерінің көрген жерің, кішілерің туған жерің" деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкеткен делінеді.

Бұл ойынды суретші Николай Хлудов өз суретінде бейнелеген (басты суретте). Онда бір аста түйенің бұйдасын тісімен шешіп жатқан жалаңаш әйелдер көрсетіледі.

"Түйе шешу" қырғыздың "Манас" дастанында да айтылады екен. Одан бөлек, Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романында суреттелген. 2015 жылы жарыққа шыққан "Құнанбай" фильмінде де "түйе шешпек" көрсетіледі. 

 

Филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков "Егемен Қазақстан" газетіндегі мақаласында осы ойын туралы тарихи деректер келтірген. 

"Өскенбай би асынан белгілі, қазақта бұрын болғанмен аса сирек кездесетін ойын түрі әйел жалаңаш шығып, қазыққа байланған кілем жабулы түйенің бұйдасын тісімен шешсе, түйе кілемімен соныкі. Өскенбай бидің асына қатысқан Тоғалақ руының адамы Өтепберген дегеннің естелігі жеткен. Астағы оқиға төмендегіше өрбиді. Көптен соң жиыннан тағы бір әйелдің ше­шініп жатқаны байқалады. Сары кідір тартып қалған қатын екен, бүркеніш жамылып, түйе қасына кеп:

Ерлер, ерлер,
Ерлер туған жерлер.
Қараймын десең де өздерің біл.
Арыстың бұл асында
Бұл бәйгені алмақ дүр, - деп бүркенішті сыпырғанда, Құнекең әйелге шапан жап­қызып жібереді. Бұйданы шешкізген жоқ. Кі­лем жабылған інген үстіне қосып, "шешін­дірген айыбымыз" деп әйелге шапан беріледі", - деп жазған ол. 

Ал этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне осы ойын жөнінде айтып берді. 

"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" деп дана атам тектен текке айтпаған ғой. Әуелі "Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деген сөзің түбінде оймыл қарадай нар ой шөгіп жатқан жоқ па?! Мен энтограф ретінде айтар едім. Түйе шешу, тайлақ тарту деген қазақ салт-дәстүрінде болмаған. Болса да әйел адам атқармаған. Мұны бүгінгі таңда таңсық көрудің қортымдай да пайдасы жоқ. Салтқа қайшы, дәстүрге жат. Тіптен ұят. Барып тұрған асқан масқаралық қой. Ойдан ойып, қырдан қырып, көр жерден теріп, "Ой, мынау баяғы замандағы ата дәстүрі" деп үгіттеудің еш қажеті жоқ", - дейді маман. 

Дана бабам "Ел болам десең бесігіңді түзе" деп ескерту жасап кетті емес пе?! Қазір ел боламын десең, экран мен TikTok-ты түзеу керек. Түйе - киелі жануар, оны да қорламау керек. Тарихтағы дәртүрдің озығын алып, тозығын тастау керек", - дейді этнограф. 

Оның айтуынша, тарихта қазақ салтында әйелді жалаңаштап, тісімен түйе бұйдамын шешкізу деген салт-дәстүр, ырым болмаған.

"Қазақ дәстүрі - қазақ халқының өнегелі өмірінің айнасы. Тәлім-тәрбиеге айналған отбасы оқулығы. Ал қазақ ырымы - қазақ ғылымы деп қабылдаған жөн болады. Қазақта ойға жат, көңілге салқындық әкелетін, ұятқа қалтыратын, жүректі суытатын жаман салт, ессіз дәстүр ешқашан болмаған. Бола қалған күнде ауылдың абыз ақсақалдары дер кезінде тыйым салып, оларға дүре соғып, малдан айып қойып тиып тастап отырған", - деді Болат Бопайұлы. 

Маман қазақ тарихында бүгінде қолданыста болмауы керек ырым-тыйымдарға тоқталды.

"Иә, дәстүр деп қойдың басын жоғары іліп сою, бір шақырымнан күйеу жігітті тоңқалаң қақтырып сәлем салдыру, жас келін ұл тапсын деп сойып жатқан қойдың тазаланбаған кикі боқтан арылмаған ұлтабар ішегімен маңдайына ұру, жас келінге аттың ноқта не жүгенін басына салып, сәлем салдырып малша жетектеп үйдің ішін айналдыру, одан қалса, мәйіт салатын табытқа өлген адам бейнесінда жатқызып, үстіне ақ шүберек жауып, қойдың шикі өкпесімен алатау .т.б. жаман ырым жасау сынды жөн-жосықсыз ырым-тыйымдар желі бетінде өріп жүретін болып кетті.

Мұндай салтқа саймайтын, санаға сыймайтын оғаш әрекеттерді тоқтататын уақыт жетті. Таза дәстүрімізді, асыл салтымызды жоқтан жоңып, ойымызға не келсе ғайып үшін, лайк жинау үшін желіге сала беруді шұғыл тоқтату керек. Халық дәстүрі баланың ойыншығы емес. Есті адам ондай нашар қылықтар істемейді. Бабалардың сарқытын ішіп, салған сара жолынан адаспайық. Сонда ғана асыл дәстүр сабақтастығын бұзбай сақтап қаламыз. Ұрпақ сабақтастығын да ата жолымен дұрыс жалғастыра аламыз, әз халқым-ау!? Міне, қазақ қырын кеткен ырым деп осыны айтады. Қырын жүгірмей, түзу жүгірейік", - деді этнограф.