Актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов кезінде "Тамаша" театрын ашқанына өкінетінін жеткізді. Өнер иесі бұл туралы "Бірегей" бағдарламасына берген сұқбатында айтты, деп жазады paryz.kz ақпараттық агенттігі nur.kz сайтына сілтеме жасап.
"Бір қызық нәрсе айтайын. Мен қазір "Тамашаны" ашқаныма өкінемін. Ол кезде мен өнер әлеміне шыққым келім, тал қармадым. Театрда кішкентай рөлдерден көрінуге тырысқанда, жарқ етіп, (Тамаша - ред) себеп болып шықты. Кейін "Тамаша" жеңіл өнерге айналып кетті. Тіпті ақша қуып, сөз қуып, мазақ болып кетті. Ол - басқа өнер. Оны "клоунада" деп атайды.
Өнердің ойыншық емес екендігін қашан түсінеді деген қорқынышым бар. Көп қазақ сөйтеді ғой. "Ей, әртіспісің" дегенде жаман қапа боламын. "Итің әртіс қой" деген сөз бар.
Сол кезде "Неге гидроинституттан кеттің, сорлы Тұңғышбай? Мұндай мазақ болғанша" деп өзімді кінәлайтыным рас. Ол кезде су шаруашылығымен айналысатын едім, қолмен ұстап-білуге болатын еді. Ал менің қазіргі еңбегімді қолмен ұстай алмайсың. Оны тек мимен, жүрекпен ұстай аласың. Көп адамның жүрегі ашық па? Залға келген 800 адамның 10-ы сені түсініп кетсе, мен соған қанағаттанамын", - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Айта кетейік, "Тамаша" әзіл-сықақ театры 1978 жылдан бастап көрерменге ұсынылып, 2008 жылға дейін үлкен сұранысқа ие болған. Театрдың негізін Лұқпан Есенов пен Қойшығұл Жылқышиев қалаған. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов театрдың алғашқы актерлерінің бірі.