Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Тараздық өнертапқыш коронавирусқа қарсы көлік ойлап тапты

Алайда ақсақалдың жаңалықтарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді.

Тараздық өнертапқыш коронавирусқа қарсы көлік ойлап тапты

Таразда өрт сөндіру көлігін ойлап тапқан 75 жастағы өнертапқыш жобасын жүзеге асыра алмай жүр. Қария отты жеті түрлі жолмен өшіретін әмбебап мәшинені теория жүзінде дәлелдеп шығып, жаңалығын патенттеп қойған, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.  

Алайда оның жобасына 20 жылдан бері ешкім мән бермей келеді. Егер жұмысы жүзеге асатын болса, коронавирусқа қарсы күреске де пайдалануға болатын көрінеді.

Марат Аюбаев 30-ға тарта түрлі жаңалық ашып, барлығын патенттеп алған. Соның ең негізгісі әрі бірегейі – өрт сөндіру көлігі. Ерекшелігі: жалынды бірнеше компонентпен өшіре алады. Өнертапқыштың айтуынша, жоба жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болмақ. Өндіріске енгізілген жағдайда сусыз аймақта 2 тәулікке дейін тоқтаусыз жұмыс істей алатын өрт сөндіру көлігін жасап шығаруға болады.

"Физика заңында бір көлемді судан бес мың көлем бу алуға болады. Бұл өте тиімді. Бұл машина бір толықтырумен 50 сағаттай жұмыс істейді. Жеті түрлі тәсілмен өртті өшіреді", - дейді өнертапқыш Марат Аюбаев.

Өнертапқыштың бұдан өзге өртке қарсы 4 жобасы бар. Оның бірі – өрт түнде бола қалған жағдайда ұйқыда жатқан адамдарды оятатын құрылғы. Сонымен қатар биік ғимарат, таулы аймақтар мен жанармай қоймаларындағы өртті сөндіретін тәсілдерді де ойлап тапқан. Машинаны пандемия кезінде шекаралық бекеттерге орнатып, коронавирусқа қарсы пайдалануға болады деп отыр.

"Көп құрылғы адамның тек температурасын өлшейді. Температура жоқ болса, әрі өткізе береді. Ал заттарын, киімдерін ешқайсысы тексеріп жатқан жоқ. Микробтың бәрі заттарда. Ал мына құрылғыны қоятын болсақ, барлық заттағы микробты будың қысымымен екі-үш минут ішінде жойып тастайды. Бірақ бұл әзірге қағаз жүзінде ғана тұр", - деді өнертапқыш. 

Тың туындысын әлі патенттемеген соң, идеясын толық ашып айтпады. Құрылғыны жасап, іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Өнертапқыш жобасын ұсынып, біраз табалдырықты тоздырған. Алайда ақсақалдың жаңалықтарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді.

"Коронавирусқа қатысты мен патент алған жоқпын. Әдейі алған жоқпын. Өйткені 30 жаңалығым шаң болып жатыр. 31-інші жаңалығым миллиардтаған адамның өмірін құтқарып қалады. Оның бәрі шаң болып жатса, маған керегі не? Сол үшін осыны іске асыратын кісіге осы жаңалығымды ұсынамын. Нені қалай істеу керек екендігін айтып беремін, көмектесемін", - деді ол.