Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қарағанды облысында ер адам жүкті әйелін ұрып, досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген

Қарағанды облысында ер адам азаматтық некедегі жүкті әйелін ұрып-соғып, досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Сонымен қатар пышақпен жарақаттаған. Жаға ұстатарлық жағдай туралы зардап шеккен әйелдің туысы мәлімдеді. Сөзінше, оқиғадан кейін полицейлер еш шара қабылдамаған. Тіпті арызды қабылдап, іс қозғаудан бас тартқан, деп  хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі. 

Қарағанды облысында ер адам жүкті әйелін ұрып, досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген
фото: әлеуметтік желіден

НеМолчи қорының жетекшісі Дина Смаилованың сөзінше, 8 ай бұрын ер адам жүкті әйелін ұрып-соғып, тепкінің астына алған.

"Қолына түскен темір, кілт, белдік, үтіктеуге арналған тақта, тоқ ұзартқышпен ұрған. Пышақпен жарақаттаған, дәл ішіне қарай сермеген. Ол жүктіліктің алтыншы айында болған. Сот-медициналық сараптама жарақаттар, бас сүйек-ми және пышақ жарақатын нақтылады", – дейді ол. 

Алайда ең сорақысы келесі күні болған. Ер адам әйелін досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. 

"Оның үстіне барлығын камераға түсірген. Досының үш ай жыныстық қатынасқа түспегенін айтқаны естіледі. Бізде бұл бейнежазба бар. Бірден Теміржол полиция бөліміне жүгіндік. Алайда полицейлер видео көріп, арызды қабылдаудан бас тартты. Бір айдан кейін ғана арызды қабылдап, жүкті әйелді тергеуге және бетпе-бет кездесуге сүйреген, дегенмен істі жауып тастады. Неге деп ойлайсыздар? Бізде видео бар, оларда тек құр ауыз сөз. Ол досымен бірге кінәсіз екенін ауызша дәлелдеген", – делінген ақпаратта. 

Бұдан кейін облыстық прокуратураға жүгінген олар істі қайта қозғауға қол жеткізген. 

"Бізді қайта Теміржол полиция бөліміне жіберді. Бірақ істі қайта жауып тастады. Мамандандырылған тергеу сотына жүгінген соң тергеуші үйге келіп, жауап алмақ болды. Бұл кезде зардап шеккен әйел босанған еді. Анықталғандай, қазір де істі қайта жауып тастағалы жатыр. Сондықтан біз қазақстандықтардан көмек сұраймыз. Жиенім екеуміз әділдікке қол жеткіземіз деп сенеміз", – деп қосты ол.

Полиция департаменті болған жағдайға қатысты пікір білдіріп, аталған дерекке қатысты қылмыстық істің тіркелгенін мәлімдеді.

"Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында екі жақтан жауап алынып, олардың дәйектері тексерілуде. Сараптама қорытындысы және жинақталған материалдардың қорытындысына сәйкес Заңды процессуалдық шешім қабылданады", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зақымдар келтіргені үшін әкімшілік сот шешімімен 20 тәулікке қамалған. Қылмыстық істің тергелуі Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшылығы бақылауға алған.