Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Қайрат Сатыбалдының бүгінгі соты 10 минутта аяқталды

Бүгін Қайрат Сатыбалдыға қатысты соттың кезекті отырысы өтуге тиіс еді. Процеске журналистер онлайн режимде қосылды.

Қайрат Сатыбалдының бүгінгі соты 10 минутта аяқталды
Фото: ашық дереккөзі

Онлайн қосылған журналистер арасынан Азаттық тілшісі адвокат Бибатыровқа: «Заңгерлер осындай үлкен қаржы жымқыру бойынша екі тарап арасында медиациялық келісім жасау заңға қайшы екенін айтады. Сіз не дейсіз?», – деп қойған сауалы жауапсыз қалды.

Сотқа айыпталушылар – Қайрат Сатыбалды, Леонид Муравьев, Ғайни Бекетов, Шыңғыс Қоңырбаев пен Марат Мұхамеджанұлы, ал жәбірленуші тараптан «Қазақтелеком» мен «Көлік сервис орталығының» өкілдері қатысты.

Сот басталған кезде судья Нұрлан Баяхметов «Көлік сервис орталығы» АҚ өкілі Жандосовтан қазіргі жүріп жатқан процесс туралы сұрады.

 – Қазір жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын сомасы толықтай қайтарылды. Ақша «Көлік сервис орталығының» шотына түсті, – деді ол.  
Содан соң прокурор Жангелді Есебаев судьядан сотты кейінге қалдыру туралы өтініш білдірді. Прокурордың айтуынша, айыпталушы тарапқа қатысты шешімдерді шығаруға 1-2 күн көлемінде  уақыт керек. Прокурор өтінішін тыңдаған судья бұл туралы қатысушылардың пікірін сұрады. Оған айыпталушы да, жәбірленуші тарап та қарсылық білдірген жоқ. Осылайша Нұрлан Баяхметов сотты ертеңге қалдыру туралы шешім шығарды. Жалпы сот процесі 10 минутқа ғана созылды.

Кешегі сот отырысында да прокурор істі кейінге қалдыруға қатысты өтініш айтқан болатын.

– Өңірлік алшақтыққа байланысты адвокаттар ұсынған процессуалдық және медиациялық келісімнің қабылдануына қатысты шешім шығару бір аптаның көлеміндей уақыт алады, – деген еді прокурор Есебаев.

Еске салсақ, Қайрат Сатыбалды бастаған айыпталушы тарап «Қазақтелеком» АҚ-тан 12 млрд теңге, ал «Көлік сервис орталығы» АҚ-тан 28 млрд теңге жымқыру бойынша тергеліп, кейін екі тарап медиациялық келісім жасасу арқылы ол ақшаны толықтай қайтарғаны айтылған.

Алайда «Көлік сервис орталығы» медиациялық келісімді кері қайтарып алғаны белгілі болды.