Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақ зиялылары Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап хат жолдады

ҚР халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған бір топ өнер адамы қамауда жатқан бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап, Бас прокурор Берік Асылов пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа хат жолдады, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Экспресс K сайтына сілтеме жасап. 

Қазақ зиялылары Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап хат жолдады
Фото: коллаж

Хатта өнер өкілдері Арыстанбек Мұхамедиұлының қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқанын айтып, мәдениет саласының қызметкерлеріне қолдан келгенше қолдау білдіргенін жазған. Сондай-ақ олар істің барынша әділ тергелуін сұрап, оның кінәсіздігін дәлелдеп, әділ шешім шығаруын талап еткен.

Хатқа қол қойғандардың ішінде Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, ақын Мұхтар Шаханов, ҰҒА академигі Төрегелді Шарманов, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова, әнші Мәдина Сәдуақасова және тағы да өзге танымал азаматтар бар.

 

"Көз алдымызда өсіп, елімізге ерен еңбек етіп, қашан да жан-жақтылық пен ізденімпаздықты көксеген азаматтар Жаңа Қазақстан үшін де маңызды. Бұл ретте елдің рухани байлығын, болашағын ойлап, министр дәрежесіне көтерілсе де қарапайымдылығынан танбаған Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне бұрмалаушылықпен қиянат жасамай туралық танытуға, әділдік пен шындыққа тіке қарауға ықпал етуіңізді сұраймыз. Арыстанбек Мұхамедиұлының сот алдындағы ісі әділ шешімін тауып, кінәсіздігі дәлелденуін талап етеміз! Соттың әділ болуын сұраймыз!" — деп жазылған хатта.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі әрі ҚР Ұлттық музейінің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы биыл 28 мамырда Ұлттық музейдің қаражатын жымқырды деген айыппен қамауға алынған болатын.