Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Оның кінәсі — әкім болғаны»: Сапарбаев інісінің атышулы тойы туралы айтты

Белгілі қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туған бауыры, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты пікір білдірді. 

«Оның кінәсі — әкім болғаны»: Сапарбаев інісінің атышулы тойы туралы айтты
фото: сұрауы бар

Бұл туралы ол Youtube арнасындағы "Сұрауы бар" хабарында айтты. Онда Бердібек Сапарбаев тойға 115 миллион теңге жұмсалғанын жоққа шығарды.

"Біріншіден, ондай ақша әрине жұмсалған жоқ. Екіншіден, 200 адам болған жоқ. Қазақ болғаннан кейін той болады ғой. Оның үстіне Нұрлыбектің жалғыз ұлы. Оның кінәсі — әкім болғаны. Егер ол әкім болмаса, еш нәрсе жазылмас еді", — дейді саясаткер.

Бердібек Сапарбаев ел арасындағы түрлі алып-қашпа әңгімелерді "жел" сөз деп бағалайды.

"Міндетті түрде бірдеңе табуымыз керек. Жұмыстан кемшілік таппаған соң, баласынан, інісінен кемшілік іздейді. Бұлай болмайды. Бұл жақсылыққа алып бармайды. Осылай кете беретін болса — қазақ бірін-бірі талап, жеуге жақын", - деді бердібек Сапарбаев.

Бердібек Сапарбаев інісінің даладан келмегенін, оның талай тәжірибеден өткен маман екенін айтады. Нұрлыбек Нәлібаевтың саяси мансабы мен оған беретін ағалық ақылы туралы да айтты.

"Үнемі айтып отырамын. Менің ұлым да мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, оған да айтып отырамын. Еңбекқорлық, үлкенді сыйлау және ең маңыздысы — қарапайым болып қалу керек деймін. Сен өмір бақи әкім болмайсың ғой, — дейді саясаткер.