Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Келесі жылы жұмыссыз қалуымыз мүмкін": Жаңаөзенде талабы орындалмаған жұмысшылар ереуілге шықты

Жаңаөзенде "ӨзенМұнайГаз" компаниясына қызмет көрсететін "КазПромТех" серіктестігінің қызметкерлері "жұмыссыз қалуымыз мүмкін" деп дабыл қақты. Өйткені компанияда көліктер есептен шығарылып, жүргізушілердің жұмыс уақыты қысқарған. Ал жаңа техника әлі күнге дейін сатып алынбапты. Сондықтан олар басшыларынан жаңа техника алып, бұрынғы жұмыс уақытын қайтаруды сұрайды, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

"Келесі жылы жұмыссыз қалуымыз мүмкін": Жаңаөзенде талабы орындалмаған жұмысшылар ереуілге шықты
Фото: видеодан скриншот

Жұмысшылар үш тәуліктен бері басшылыққа талап қойып, жұмысты тоқтатқан. Жиналғандар биыл компаниядағы 26 көлік есептен шығарылғанымен, орнына жаңасы сатып алынбағанын айтады. Соның кесірінен ереуілде тұрған 80-ге жуық адам жұмыс уақыттарының қысқарып, жалақыларының едәуір азайғанын айтады. Енді олар басшыларынан автопаркті жаңартып, бұрынғы жұмыс көлемін қайтаруды талап етті. Ал серіктестік басшыларының біздің сөзімізге мүлде құлақ асқысы жоқ, дейді азаматтар.

“Директордан жаңадан көліктер алып келсін деп талап қойдық.  Оның орнына “көліктерді жаңартпаймыз, жаңа көлік ала алмаймыз, оның орнына жеке кәсіпкерлік жұмысшыларын жұмысқа аламыз, қабылдаймыз, штатты толығымен жабамыз” деп бізге айтты”, – деді жұмысшы Қобылан Қосбатыров.  

“Татуластыру комиссиясын құрдық. Ол жерде біздің талаптарымызға басшылар келісіп отырған жоқ. 2012 жылдан бері "Өзенмұнайгаз" саласына жеңіл көлік бар, техника автобустар бар, солармен жалдамалы жұмыс жасаймыз”, – деп қосты Сәби Бабажанов.

Бұдан бөлек жиналған қызметкерлер келесі жылы мүлде жұмыссыз қалуы мүмкін дейді. Себебі басшылық бірнеше техника есептен шығарылса, серіктестіктегі қызметкерлердің штаты жабылатынын айтқан. Компания басшысымен тілдесу мүмкін болмағанымен, бас инженер техникалардың ескіріп, жұмыс көлемінің тұрақты болмай тұрғанын, сәйкесінше бұрынғыдай табыстың да жоқ екенін жеткізді. Өңірдің еңбек инспекторы бұл серіктестік мәселесі бойынша татуластыру комиссиясында екі тарап келісімге келе алмай, еңбек төрелігіне нұсқама берілгенін айтады.

“Жұмысшылардың айтып отырғаны орынды. Себебі паркті жаңартудың талаптары болды. Алайда жұмыс беруші жаңарту үшін қаражат жоғын айтып өтті. Қосымша еңбек төрелігінде ол мәселе қозғалады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы Ақәділ Бекбердиев. 

Еңбек инспокторының айтуынша, компания басшысы үстеме жұмысқа ақы төлеу тиімсіз екенін айтқан. Ал тапсырыс беруші "Өзенмұнайгаз" компаниясы да өзара келісімдеріне байланысты автопаркті жаңарту жөнінде хат жолдайды, дейді инспектор. Бірақ ереуілдегі жұмысшылар компания директоры техникаларды жеке кәсіпкерге сатып, бұдан әрі соның қызметін пайдаланатын схема құрған болуы мүмкін деп топшылайды.