Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Жезқазған түрмесіндегі наразылықтан кейін арнайы тексеріс басталды

АҚШ мемлекеттік департаментінің былтыр наурызда жариялаған есебінде Қазақстан түрмелеріндегі жағдай қиын екені, сотталғандарға дұрыс қарамайтыны жазылған.

Жезқазған түрмесіндегі наразылықтан кейін арнайы тексеріс басталды
фото: дереккөз

Түрмедегі азаптауға қарсылық ретінде көзі мен аузын тіккен Жезқазғандағы АК-159/25 колониясында отырған Жанияр Жармаханов жайлы Азаттық жаңалық жариялаған соң қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) колонияда қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады.

ҚАЖД мәліметінше, видеомәлімдеме жасаған Жармаханов пен өзге де тұтқындар өте ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеде отыр.

"Жағдайды анықтау үшін мекемеге тергеу-жедел тобы мен прокуратура өкілдері, Қарағанды облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығы келді. Тексеру барысында тұтқындардан жауап алынып, мобильді телефондары тәркіленді. Шағымданған тұтқындар бірнеше рет сотталған және мекеме режимін өрескел бұзған", - делінген Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жариялаған хабарламада.

ҚАЖД өкілдерінің айтуынша, кінәлілер анықталса, тәртіптік жазаға тартылады. Тіпті, ішкі істер органынан қуылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Департамент өкілдері әлеуметтік желіде тараған осы түрме жайлы өзге де видеоларға байланысты қызметтік тексеріс жүргізілетінін де айтады.

Қысымға қарсылық ретінде көзі мен аузын тіккен Жанияр Жармахановтың видеомәлімдемесі әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде тараған. Жармаханов видеоны "өлім алдындағы сөзім" деп атап, ал түрмені "Жезқазғанның Гуантанамосына" теңейді.

Тұтқын Қазақстан президенті мен жоғары лауазымды тұлғаларан мекемедегі жағдайға назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, түрмеде азаптау, қысым көрсету бар. Қазақстандық құқық қорғаушылар осыған дейін де бұл мекемеден тұтқындарды ұрып-соғатыны жайлы шағымдар түскенін айтқан.

Қазақстанда түрмедегі және полициядағы азаптау мен қысымға шағым жиі болады. АҚШ мемлекеттік департаментінің былтыр наурызда жариялаған есебінде Қазақстан түрмелеріндегі жағдай қиын екені, сотталғандарға дұрыс қарамайтыны жазылған. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған резолюциясында Қазақстанда "сотталғандар мен күдіктілерді азаптағандар жазасыз қалу қалыпты жағдайға айналғанын" жазған.

Елена ВЕБЕР