Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жезқазғанда әкімдіктің қателігінен 9 отбасы баспанасыз қалғалы отыр

Ал осындай дүрбелең туғызып, құжаттан өрескел қателік жіберген жауапты маман тек ескертумен құтылыпты.

Жезқазғанда әкімдіктің қателігінен 9 отбасы баспанасыз қалғалы отыр
фото: 24.kz

Осыдан тура 2 жыл бұрын бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жалдамалы пәтер берілген еді. Енді соны босатыңдар деген ескерту қағазы келіпті, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Олардың айтуларынша, үйді үлестіргенде комиссия қателік жіберген. Сол кезде көпшілікпен бірге кезекте тұрған бюджеттік мекеменің 9 қызметкері де баспаналы болған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады.

"Бұл жерде қателік біздікі емес. Әкімдікте отырған адамдардың қателігі. Неге біз жауап беруіміз керек, қарапайым халық? Ешкімге ақша, пара берген жоқпыз. Өз кезегімізбен тұрып алынған үй. Енді қарапайым халық зардап шегуде", - дейді Гүлдана Наурызбаева атты тұрғын.

Бұл заңсыз әрекетті тексеріс барысында прокурорлар әшкерелепті. Енді соңғы шешімді сот шығаруы тиіс. Әзірге алғашқы отырысы өтті. Ескерту алғандардың бірі – бес баланың анасы Ұлтуған Әжібекова. Ол баспанаға кірмес бұрын күрделі жөндеу жүргізіп, қыруар қаржы жұмсаған.

"Әкімдіктегі заңгердің айтуы бойынша, қазір салынып жатқан, берілетін үй жоқ. Енді ЖКХ-ның қазіргі бастығы соттың шешімін күтіңіздер, соған қарай көреміз деп уәде беріп кетті", - дейді Ұлтуған Әжібекова.

Қыстың көзі қырауда далада қалмас үшін 9 отбасына жылу маусымы аяқталғанша тұруға рұқсат берген. Бірақ сот шешімі прокурорлардың пайдасына шешілсе, олар көктемде үйді босатуы тиіс. Оның үстіне пәтер алған соң, бұл адамдардың барлығын кезектен шығарып тастаған. Дегенмен, жергілікті билік ешқайсысын баспанасыз қалдырмаймыз деп ант-су ішіп отыр.

"Тұрғын үй комиссиясынан қате кеткен. Олармен мен кездестім. Әрине, олардың жағдайын түсінеміз. Қазіргі кезде әр адамға баспанасыз өмір сүру мүмкін емес. Олардың ешқайсы да үйсіз қалмайды", - дейді қала әкімі Қайрат Әбсаттаров.

Тұрғындардың ендігі үміті соттың шешімінде. Ал осындай дүрбелең туғызып, құжаттан өрескел қателік жіберген жауапты маман тек ескертумен құтылыпты.