Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Желіде хит болған сурет: кілемде жатқан баланың анасы мән-жайды түсіндірді

Фото Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Қараөзен аулында түсірілген. Жаңа оқу жылының басталуымен желіде сан алуан қызықты фото мен видео кеңінен тарала бастады.

Желіде хит болған сурет: кілемде жатқан баланың анасы мән-жайды түсіндірді
Фото: ашық дереккөзі

Білім күні мектептегі салтанатты шарада түсірілген бір сурет біраз адамның көңілін көтеріп жіберді. Костюм-шалбар киген кішкентай бала ұялы телефонынан көз алмай, оралып тұрған кілемге жатып алды.

Біреулер "күннің көзінде тұрғанша, көлеңкеде жатқан дұрыс" десе, енді біреулер "ол баланың уақыты жоқ, президенттің жолдауын көріп жатыр" деп болжам жасады. Артынан оның ұялы телефонды отырып көрген фотосы тарап, қазақстандықтарды тағы күлкіге қарық қылды.

Sputnik Қазақстан желіде танымал болған баланы тауып, анасынан кешегі оқиғаның мән-жайын білді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі. 

Мектептке әлі барған жоқ
Суреттегі баланың аты – Жанасыл. Ал фото Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Қараөзен аулында түсірілген. Жанасылдың өзі әлі мектеп жасына жеткен жоқ, балабақшаға барып жүр. Білім күніне арналған салтанатты шараға ағасымен бірге барған. Анасы Бақытгүл Жақыпова да болды.

"Менің тағы бір балам биыл 7-ші сыныпқа ауысты. Жанасыл бізбен бірге барған. Сол кезде шаршадым деп, отырып алып, артынан жатқан ғой. Соны түсіріп алыпты. Кімнің түсіргенін білмеймін. Әйтеуір, жан-жаққа тарап кетті. Ұялы телефоннан не көргенін білмейді екенмін", - дейді анасы.

Бақытгүл сол мектепте аспаз болып жұмыс істейді. Жолдасы газ саласының маманы. Ал Жанасыл болашақта құрылысшы боламын дейді.

Алты балам бар
Жанасыл – үйдің кенжесі. Биыл төртке келді. Ерлі-зайыпты алты бала тәрбиелеп отыр.

"Ең үлкен қызымыз тұрмыста, одан кейінгі балам келін алды. Екі жылдай болып қалды. Үшінші қызым 8-ші сыныпта оқиды. Одан кейінгісі жаңағы 7-ші сыныпта оқиды деген Исламбек, сосын Ерасыл деген баламыз бар. Ол үшінші сыныпқа барды. Сосын кенжеміз - Жанасыл", - дейді Бақытгүл Жақыпова.

Жанасыл барып жүрген балабақша мектептің жанында орналасқан. Оны үлкен ағалары апарып жүреді.

Ал Жанасыл соларға қарап, кешегі шараға костюм киіп барамын деп шықты.

"Иә, ол өзі костюм киіп барғысы келді. Сөйтіп, киіндіріп алып бардық. Олай танымал болады деп ойлаған жоқпыз", - деді анасы.