Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Индер ауданында ірі қара қырылып жатыр

Ауданның мал дәрігерлерінен құралған топ осы күнге дейін жайылымнан 13 сиырдың өлексесін тапқан.

Индер ауданында ірі қара қырылып жатыр
фото: stan.kz

Атырау облысының Индер ауданында белгісіз себептермен мал қырылуда. Тұрғындар ірі қара ауыл іргесіндегі пияз алқабынан уланды деп күдіктенуде. Ал бақша шаруашылығымен айналысқан кәсіпкер бұл күдік негізсіз дейді. Малы қырылған жұрт енді өтемақыны кімнен дауларын білмей отыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Индер ауданына қарасты Жарсуат пен Құрылыс ауылында малдың қырылуы жылда қайталанып келеді. Алайда биыл қырылған ірі қараның саны тым көп болған. Малды бағып, күнін көріп отырған ауыл тұрғындары сиырларының қырылуын іргеде пияз егетін шаруашылықтан көріп отыр.

"Былтыр да екті. Сол пияз жиналмай қалды. Былтыр 3-4 бас өлген болар. Сол кезде ескерту алды. Мұфтолла бізге ақшасын төлесін. Сотқа арызданайын деп отырмыз, осы ауылдың кісілері. Қалай күн көреміз енді?", - дейді Жарсуат ауылының тұрғыны Берікқали Әзірбаев.

Тұрғындар сиырдың қырылуына пиязға шашылған дәрі себеп болды десе, бақша иесі мұны жоққа шығарып әлек.

"Ол су ішпегеннен өлді. Ана пиязды жегеннен кейін ішті қыздырады. Шөлдетеді. Суды ішейін деп барса, өзен қатып жатыр. Оны халықтың өзі ою керек еді. Өз малын суарып тұру керек еді", - дейді шаруа қожалығының басшысы Мұфтолла Құлбасов.

Ауданның мал дәрігерлерінен құралған топ осы күнге дейін жайылымнан 13 сиырдың өлексесін тапқан. Ал аулада он шақты ірі қара ауырып тұр.

"Өлген малдан сынама алынып, облыстық мал дәрігерлік зертханасына жолданды. Бір аптаның ішінде қорытындысы шығады. Қорытынды шыққаннан кейін жергілікті тұрғындарға, БАҚ-қа хабарлама береміз. Қорытындысымен нақты шара қабылданатын болады", - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Аудан әкімінің орынбасары қырылған сиырлардың қожайындарына өтемақы төлеу мәселесін зертхана қорытындысы шыққан соң арнайы комиссия қарастыратынын алға тартты.