Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Тоқаев тайып құлай жаздады": Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының басын да, жасын да сыйламай ма?

Елбасының өте сенімді адамдарының бірі Махмуд Қасымбековтей ел ағасының бел баласы, тәрбие көрген азаматтың бұл ісін жұртшылық түсіне алмай дал.

"Тоқаев тайып құлай жаздады": Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының басын да, жасын да сыйламай ма?
Фото: дереккөз

Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Қарағандыға барды. Әрине, Тоқаевты облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бір топ "нөкерімен" қарсы алды. "Ойбай-ау, президент қайда сапарламай жатыр? Онда тұрған не бар?!" дерсіз. Бірақ бұл сапардан әлеуметтік желі қолданушылары облыс әкімінің "косягын" көріп қалыпты... Хош.

Иә, әлеуметтік желіде президенттің Қарағандыға барғаны қызу талқыланып жатыр. Неге дейсіз ғой? Мысалы, "Егемен Қазақстан" газетінің сол өңірдегі меншікті тілшісі Қайрат Әбілда өзінің Facebook-тегі парақшасына Жеңіс Қасымбектің Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан күтіп алып тұрған фотосын жариялап: "Ел Президенті піл сауырлы Арқаға ат шалдырды. Тайғанақ қой деп кілем төсей салса, соны біз сөкеттік көрмес едік. Қалай дегенмен де мемлекетіміздің басшысы ғой. Хош келдіңіз, Президент мырза!" - деп жазды.

Суреттен көргеніміздей, Мемлекет басшысы ұшағынан шығып, қалт тұрып қалғанға ұқсайды. Жер – көк мұз. Жастар болмаса, үлкен кісілерге қиындау, әрине. Оның үстіне бір елдің мемлекет басшысына "мұзға тайып жығылып, басын жарып алыпты" деген сөз де қажет емес екені анық. Ал журналист жариялаған фотода әкім президентке "былай қарай жүріңіз" дегендей ишара жасап тұр. Бар болғаны – осы.

Десек те осы постқа жазылған пікірлерде жұртшылық Қарағанды облысы әкімінің «екі аяғын бір етікке тығып жатыр». Алтынай Омар есімді желі қолданушы "Осылар не ойлайды екен? Жасы келген кісіге аяқ таймайтын төсеніш төсесе болар еді ғой" деп жазған. Бұл пікірді іліп әкеткен өзгелері де Алтынайды құптаған. Белгілі қаламгер Құлтөлеу Мұқаш "Кілем емес, әуежайда жалпақ, ұзын резина дорожкалар қаптап жатпай ма? Соларды төсей салу ешкімнің ойына келмеген бе..." деп таңданысын білдірсе, журналист Ғабит Сапарбеков «Кілем төсесе де сынайтындар табылады» деп жазған. Енді бір желі қолданушы Бек Мұқатай болса, "Кілем тек Назарбаевқа" депті.

Шынымен де желідегі әлеуметтің ой-пікірлерін жөнсіз дей алмайсыз. Елбасының өте сенімді адамдарының бірі Махмуд Қасымбековтей ел ағасының бел баласы, тәрбие көрген азаматтың бұл ісін жұртшылық түсіне алмай дал. Ол Тоқаевты Мемлекет басшысы ретінде құрметтемесе де жасын сыйлауы керек еді.

Назарбаев демекші, Елбасының Мақтааралға барған сапарында оны жергілікті атқамінерлердің егістікке дейін кілем төсеп күтіп алғанын көз көрді. Ал Арқа әкімінің мына әрекеті ел-жұрттың алдында ұят болды-ау...

Есен АМАНҰЛЫ