Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

ҰҚК қызметкері хиджаб киген қызды зорламақ болған (ВИДЕО)

Өңір тұрғынының сөзінше, күдіктінің туыстары өзіне қысым көрсетіп, бопсалауды жалғастыруда.

ҰҚК қызметкері хиджаб киген қызды зорламақ болған (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде ҰҚК қызметкері өзін зорламақ болғанын айтқан қыздың видеосы тарады, деп хабарлады paryz.kz.

Жәбірленуші істі бақылауға алып, объективті тергеу жүргізуді сұраған. Алматы облыстық Полиция департаменті осы арызға қатысты пікір білдірді.

Видео инстаграм желісінде жарияланды. Онда автор оқиғаның 11 қыркүйектен 12-не қараған түні Алматы маңындағы Қарасай ауданы аумағында болғанын айтады. Жұмыстан үйіне қайтпақ болған қыз жолдан такси ұстаған. Ал жүргізуші бойжеткенді ешкім жоқ жерге апарып, зорламақ болған. Қыз қашып үлгеріп, көшедегі адамдардан көмек сұраған, ал олар полицияға хабарласқан.

Айтуынша, күдікті Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді. Жәбірленуші өз арызын Қарасай ауданының полицейлеріне берген. Алайда, қылмыстық істі тергеу уақыты белгісіз себептермен созылып жатыр деп есептеп отыр. 

Өңір тұрғынының сөзінше, күдіктінің туыстары өзіне қысым көрсетіп, бопсалауды жалғастыруда. Сондықтан психолог көмегіне жүгінуге мәжбүр.

"Мен іс сотқа дейін жетпейді ме деп қорқамын. Сондықтан көпшілікке жүгініп отырмын. Аудандық ішкі істер бөлімі істі өте баяу жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін оның туыстары келіп, мені қорқытты. Олар мені кінәлі әрі алаяқ етеміз дейді. Өзім осы іске байланысты жұмыссыз қалдым. Жалғыз көшеге шығуға қорқамын. Маған мұндай қадам жасау қиынға соқты, бірақ, мен үндемей қала алмаймын", - деді ол.

Алматы облысының Полиция департаменті әлеуметтік желідегі жазбаға жауап беріп, қылмыстық істі тергеу бақылауға алынғанын хабарлады.

"Жәбірленушінің арызы ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 1-бөлігі ("Зорлауға оқталу") бойынша СДТБТ-де тіркелді. Іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.