Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Мал сатып, 5 миллион теңге бердім" – бір топ адам қажылыққа барамын деп 60 миллион теңгесінен айырылды

Қажылыққа барамын деп сан соғып қалғандар араша сұрайды. Алматыдағы ER-Alico Rauda туристік компаниясына қатысты алаяқтық бабымен тергеу жүріп жатыр.

"Мал сатып, 5 миллион теңге бердім" – бір топ адам қажылыққа барамын деп 60 миллион теңгесінен айырылды
Фото: видеодан скриншот

Бұл туралы paryz.kz КТК арнасы хабарлады. 20-дан астам адам туроператорға жалпы көлемі 60 миллион теңге беріп, бес парызының бірін орындамақ болған.

Бірақ компания клиенттерін не Меккеге апармаған, не ақшасын қайтармаған. Меккеге барып құлшылық етемін деп тақырға отырған жұрт туристік агенттіктің кеңсесінің алдына жиналып шу шығарды.

Пайғамбар жасынан асқан Ғұламсахи Айтқожа жұбайымен бірге өмір бойы үлкен қажылыққа баруды армандап көп жыл қаражат жинаған. Биыл дүйім туған-туыс пен ауыл-аймақ жұмылып, жетпеген ақшаны қарияға жиып берген. Сөйтіп, зейнеткер әйелімен бірге қажыллыққа бару үшін осыдан үш ай бұрын туристік компанияға 4 миллион 400 мың теңге беріпті. Алайда сол уақыттан бері не қасиетті мекенге жете алмай, не қомақты қаражатын қайтара алмай сабылып жүр.

Ғұламсахи Айтқожа: «Умраға бармадық. Біз бірінші парызымызды, Алланың қарызынан құтылайық деп ниет қылғанбыз ғой. Міне, ниетіміз ақыры суға түсіп, бейшара болып жүгіріп жүрміз. Ақшамыз жоқ, баратын есігіміз жоқ. Үйге барайық десек, туысқандар мен кешегі берген адамдар келіп, «не қылдыңдар?» дейді. Не дерімізді білмейміз. Намаздан да қалдық, мешітке де бара алмайтын болдық, ұялғаннан кейін», – дейді.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп қолына плакат ұстап, туристік компания кеңсесінің алдына жиналған жұрттың әрқайсысы ақсақал сияқты қажылыққа барамын деп қаржысынан қағылғандар. Айтуларынша, Er-Alico Rauda туристік компаниясына жалпы 60 миллионға жуық теңге берген 23 адам тақырға отырған.

Қағбаға қол тигізуді армандаған жұрт полицияға арыз жазса да, істің қозғалмай отырғанына қапалы.

Марат Уәлиев: «Алғашында танысып, ақшамызды өткізген кезде бұл кісі айтқан: «Біз алдамаймыз, ІІМ-нің зейнеткерімін, отставкадағы полковникпін» деп мақтанып айтатын. Өзін талай рет Умраға барғанмын, қажылық өтегенмін, намазханмын дегеннен кейін бәріміз сеніп қалдық. Пенде болғаннан кейін. Енді сол себептер ме екен, әлде басқа ма, білмедім. Бірақ Аллаға мәлім күні бүгінге дейін бұл істе ешқандай өзгерісте жоқ», – дейді.

Сақаба Бектас: «Әйеліміз екеуіміз баратын болып, малымызды сатып, осылай қажылыққа бергем. Ол қажылықтың шаруасы бітпей, жүзі ашылмады, өтірік айтып. Екі адамға бес миллион ақша бердім. Алла жолына кетіп бара жатқанбыз, мойнымыздағы парызымызды өтейік деп. Мұсылман мемлекетте тұрамыз. Енді барайық дегенде, жұмысымыз биыл мынау болды. Ерлан деген ақшамызды алып, бітірмей қойды», – дейді.

Туроператор басшысы кеңсесінде болмса да, телефонға жауап берді.

«Алматыда емеспін» деген ол проблеманы өзге компанияларға сілтеумен болды. Ал қаражатты осы айдың соңына дейін толық қайтармын деп сендіріп отыр.

«Олар бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Ана мен келіскен қаражатты алған компания адамдарды алып кетпеді. Маған айтқан себебі ұшаққа төледік, басқаға төледік, сіздің қаражат толық түспеді деп. Бірақ оларға толық төленген. Солар қазір қаражатты қайтарып жатыр. 20 мың, 800 доллар қайтарды, Ана күні қажылардың өзі көрді, алды. 10 қажы алды. Енді қалған қажыларға қайтарамыз», – деді.

Алайда екі ай бойы құрғақ уәдеге тойған жұрт сылдыр сөзге сенуден қалған. Полицейлер алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты полиция басқармасына қарасты жергілікті 6 тұрғын шағымданған. Олар өз сол келісімшарт талаптарын орындамаған фирманың жетекшілеріне шағым түсірді. Алаяқтық дерегіне қатысты. Бұл дерек ҚК 190-бабының нормаларымен бірыңғай сот алды тізімге енгізіліп, қазір арнайы жедел іздестіру тобы құрылды. Кім болмасын, бұл азамат, қай жерде бұрын-соңды жұмыс істемесін, ол міндетті түрде, егер заңды бұзған болса, заң шеңберінде жауап береді», – дейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылда қасиетті жерге апаратын туристік компанияларды іріктеуден өткізіп, талаптарға сай келетіндерге ресми түрде рұқсат береді. Сөйтіп мүфтият белгілі бір туроператорларды ғана халыққа ұсынады. Мәселен, биыл қажылықпен айналысуға тек 14 туроператорға рұқсат берілген. Басы дауға қалған Er-Alico Rauda компаниясы 14 туроператордың тізімінде жоқ. Сондықтан сақ болған жөн.