Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Елімізде қаңғыбастардан да ПТР сынамасы талап етілуде

Қазір құжаты жоқтарға да бір амал қарастырылып жатқан көрінеді.

Елімізде қаңғыбастардан да ПТР сынамасы талап етілуде
фото: elorda.info

Тұрақты мекен-жайы жоқ қаңғыбастардан да ПТР сынамасы талап етілуде. Таразда қар түсіп, күн суытқалы қаңғыбастар бейімдеу орталығын жағалап көрген. Бірақ ондағылар жұқпа жоқ екенін растайтын құжат сұрап, қабылдамаған. Бұл өңірдегі бас санитар дәрігердің қаулысы екен, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

"Бейімдеу орталығына бір емес, бірнеше рет жүгіндім. Қабылдамады. Тіпті, адам құрлы көрмеді. Сондықтан амалымыз жоқ, жертөле мен жылы құбырлар маңында паналап жүрміз. Қарынымыз ашса, қайыр тілейміз", - дейді Евгений Чен атты қаңғыбас.

Ал Александр Андреев деген екінші қаңғыбас жағдайларының қыс келіп, қар түскенде қиындай түсетінін айтып отыр. "Орталықтар биыл мүлде қабылдамайды бізді. Тестті қайда тапсырамыз? Бізді ауруханалар да кіргізбейді ғой", - дейді ол.

Ал орталық мамандары кіргізбейді дегенді жоққа шығарды. Тест сынамасы міндетті деп отыр. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Көбіне ішімдікке салынғандардың өздері бас тартады екен. Әйтпесе, қазір құжаты жоқтарға да бір амал қарастырылып жатқан көрінеді.

"Әлеуметтік медициналық орталықтарға адамдарды COVID-19-ға қарсы тестпен қабылдайтын болғандықтан, бізге ЖСН-і жоқтарды қабылдау кішкене проблема туғызған. Қазір қаламыздың облыстық департамент басшыларымен келісім жүргізілді. Хат жолданды бүгін", - дейді қалалық Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаев.

Енді бейімдеу орталығына жүгінгендерді бұрынғыша құжатсыз да қабылдап, тесттен өздері өткізбекші. Ал оның шешімі шыққанға дейін арнайы оқшауланған бөлмеде ұстамақ. Бұл орталық 120 адамға арналған. Қазір онда 92 адам жатыр.