Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Арандатушыларға жол бергізбейміз": Оңдасын Оразалин "шошқа дауына" байланысты тапсырма берді

Нәтижесінде жергілікті билік экология департаменті, ветеринария инспекциясы және жер инспекциясынан құралған комиссия құрамынан белсенді топтың 10 мүшесін де қосты.

"Арандатушыларға жол бергізбейміз": Оңдасын Оразалин "шошқа дауына" байланысты тапсырма берді
фото: Азаттық радиосы

Ақтөбе облысында шошқа шаруашылығының жабылуын талап етіп, наразылыққа шыққан жүзден астам тұрғынға Ақтөбе облысының әкімі басу айтты. Шаруашылықтың жұмысын құзырлы орган тексермек, деп хабарлады paryz.kz, NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

"Бестамақта болған жағдайға байланысты барлық құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма бердім. Қазір осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Жағдайды жіті тексеретін болады. Комиссия тексерісті аяқтаған соң барлық жағдай ашық баяндалады. Арандатушыларға жол бергізбейміз. Біздің басты жетістігіміз- береке мен бірлік, тыныштық. Ауызбіршілік танытайық, әбден істің байыбына барып сабыр сақтап, құзырлы органдардың тексеру нәтижесін күтейік", - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook парақшасында.

Ақтөбелік белсенділер бірнеше күннен бері Бестамақ ауылының мәселесін көтеріп жүр. Жүзден аса адам наразылыққа да шықты. Нәтижесінде жергілікті билік экология департаменті, ветеринария инспекциясы және жер инспекциясынан құралған комиссия құрамынан белсенді топтың 10 мүшесін де қосты.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің хабарлауынша, келтіріп жатқан зиян көлемін үлкейтпеудің алдын алу үшін мекеме басшылығының өз келісімімен сою цехының жұмысы уақытша тоқтатылған. Тұрғындар шошқа шаруашылығының жұмысын түегейлі тоқтатуды сұрайды.

"Мен 1993 жылдан бері осы Бестамақ ауылында тұрамын. Шошқа өлексесінің иісінен халық зардап шегуде. Іргемізде найзаның ұшымен елді қорғаған Есет атамыздың кесенесі тұр. Қасына шошқа фермасын салып қойдық. Ауыл айналасында мал жаятын жер қалмады. Айналаны қазып, өлекселерді көміп тастады", - дейді тұрғын Алтынбек Жұбанқосов. 

Кезектесіп сөз алған тұрғындар тұншыққан иістен ауылда тұрудың мүмкін болмай бара жатқанын айтты.

"Фермадан шыққан қалдық өзенге де құйылып жатыр. Ол суды адам пайдаланып, малымыз ішеді. Өлекселерін көму үшін бейіттің басына баратын жолымызға дейін қазып тастаған. Бауырымыздың, әке-шешеміздің басына құран бағыштай алмай қалдық",- дейді тұрғын Мақсат Жолдыбаев.

Ал ферма директорының міндетін атқарушы мекемеде күніге 300-ге жуық шошқаның сойылатынын хабарлады.

Тағы оқи отырыңыз: "Халық тұншығып отыр": Ақтөбе облысында шошқа фермасының жабылуын талап етті (ВИДЕО)

"Шаруашылықта 200-ден аса адам жұмыс істейді. 40 мыңнан аса шошқа бар. Күніге 280 шошқа сойылады. 20 күннен бері аппарат сынып қалғандықтан ішектерді жерге көму жұмыстары жүрді. Қазір тоқтады. Пандемия басталғалы сынған аппаратқа қажетті құралдарды ала алмай отырмыз. Ферманы жауып тастасақ, шошқаның саны өсіп, үлкен эпидемия басталуы мүмкін. Ендігі сұрақты сот шешеді", - дейді шошқа шаруашылығының өкілі Нұрым Құмаров.