Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Халық тұншығып отыр": Ақтөбе облысында шошқа фермасының жабылуы талап етілді (ВИДЕО)

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. 

"Халық тұншығып отыр": Ақтөбе облысында шошқа фермасының жабылуы талап етілді (ВИДЕО)
Фото: дереккөз

19 қараша күні Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылыққа шығып ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап етті. Тұрғындардың сөзінше, 2002 жылы ашылған кешенде қазір 40 мың бас шошқа бар. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда үйден шыға алмай қалатынын айтады, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

"Соңғы кездері бұл ферма шошқаның ішек-қарн, терісін және өлексесін ауыл маңынан траншея қазып, соған көме бастады. Шаруашылық қалдықтарын жою, болмаса өңдеу қымбатқа шығатын болса керек. Ауыл тұрғындарының қысы-жазы тұншығып отырғаны өз алдына, шошқа фермасы жерді, суды ластап жатыр", – дейді Ерболат Кенетаев.

Бестамақтың тағы бір тұрғыны Саламат Нұрғалиевтің сөзінше, шошқа фермасының сұйық қалдықтары Елек өзеніне ағып жатыр. "Біз Електің суымен бақшаны суғарамыз, малымыз да өзеннен су ішеді. Ала жаздай үлкен-кіші осы өзенге шомылады" дейді Саламат Нұрғалиев.

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. Аты-жөнін атамаған тұрғынның айтуынша, шошқа фермасының жағымсыз иісінен 10 шақырым жердегі Бесқоспа ауылы да тұншығып отыр.

Жүз шақты адамның наразылығын тыңдауға Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов келді. Аудан әкімі халықты сабырға шақырып, арнайы комиссия құрылғанын, мәселенің тексеріліп жатқанын айтты. Полиция мен прокуратура өкілдері наразы жұртты сырттай бақылап тұрды.

Өзін "Бестамақ ауылшаруашылық кешенінің атқарушы директорымын" деп таныстырған Нұрым Құмаров шошқа өлексесі мен ішек-қарнын 20 күннен бері ферма іргесіндегі траншеяларға көміп жатқанын растады.

"Біз бұрын шошқа өндірісінің қалдығын мал азығына қосу үшін өңдейтінбіз. Бірі мыңдық, бірі бес жүздік екі экструдеріміз бар еді. Соның бірі сынып қалып, қалдықтарды жерге көмуге мәжбүрміз. Соңғы 20 күнде ферма маңындағы траншеяларға алты тонна қалдық көмілді", – деді Нұрым Құмаров.

Ақтөбе облыстық Экология департаментінің мәліметінше, Бестамақ ауылының экологиясына келтірілген залалды анықтау үшін алдымен кезектен тыс тексеру жүргізілуі керек. Ол тексеру тұрғындар тарапынан жазбаша шағым түскен жағдайда ғана жүргізіледі.