Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Нұртөре Жүсіп бастауыш сыныптарға жаңа пән енгізуді ұсынды

"Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесімен қатар, оларға құқықтық тәрбие және оларды жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу жөнінде пәрменді жұмыс қажет. Осы бар мәселе құқықтық сауатта да жатқан сияқты", - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп бастауыш сыныптарға жаңа пән енгізуді ұсынды

Сенат депутаты мектептерге бастауыш сынып оқушылары үшін адам құқықтарының негіздері туралы пән енгізуді ұсынды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Сенатор Нұртөре Жүсіптің премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалына кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың көбейіп бара жатқаны негіз болды. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, мұндай қылмыстардың саны биыл 8%-ға өскен. Бұл кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы фактілерді жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуіне байланысты.

"Қоғам қазір қатыгезденіп барады. Адамның жаны түршігерлік оқиғалар орын алады. Үш, бес, алты, жеті жасар балалар зорланады. Қоғамда бұл мәселеге селт етпейтін жағдай қалыптасады. Ұрғанға да, соққанға да, зорлық пен зомбылыққа, атқан, асқанға әбден етіміз үйреніп бара жатқан сияқты. Шын мәнінде бұл сұмдық емес пе?" - деді Нұртөре Жүсіп, Сенаттың жалпы отырысында.

Статистикаға сүйенсек, зорлық-зомбылықтың 70%-дан астамын отбасындағы жақын туыс адамдар жасайды екен.

"Балалар үйде, көшеде, мектепте, тіпті, отбасында алаңсыз жүре алмайтын жағдайға жеттік. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселесімен қатар, оларға құқықтық тәрбие және оларды жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу жөнінде пәрменді жұмыс қажет. Осы бар мәселе құқықтық сауатта да жатқан сияқты. Осыған байланысты адам құқықтарының негіздерін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу ұсынылады", - деді сенатор.

Айтуынша, қазір жоғары сыныптарда "Адам. Қоғам. Құқық" пәні оқытылады. Алайда, онда құқық қорғаудың тәсілдері емес, адамның табиғаты туралы жалпылама пайымдаулар ғана айтылған. Сол себепті, депутат осы пәнді бастауыш сыныптардан енгізгенді жөн деп санайды.