Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Тоқаевтың тапсырмасы Бозжыраға қонақ үй салынбайды дегенді білдірмейді

Бұл ретте әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпарына сүйенсек, қонақ үй құрылысы шешіліп қойған мәселеге ұқсайды.

https://www.facebook.com/photo?fbid=3343995792390496&set=pcb.3343999525723456
Тоқаевтың тапсырмасы Бозжыраға қонақ үй салынбайды дегенді білдірмейді
Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысы Үстірт жазығындағы Бозжыра қорығы бойынша тапсырмасы қонақ үй жобасының болмайтынын білдірмейді, деп хабарлады paryz.kz, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

"Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде" деп жазды Берік Уәли facebook-тегі парақшасына.

Оның айтуынша, Тоқаев "экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет".

"Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады", - деді Берік Уәли.

Еске салсақ, 7 қарашада белгілі болғандай, Бозжыра тауында арнайы техника жүрген. Ақтаудан 300 шақырым қашықтықта орналасқан тау "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша Қазақстанның киелі нысандары тізіміне кіреді. Арнайы техниканың ол жерде жүруі қазақстандықтар арасында түсінбестік тудырды.

Кейін Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі "Бозжыра сафари отель" жобасы тек дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдалымға шығарылатынын мәлімдеді. Ал әлеуметтік желіде тараған видеода облыс әкімдігінің шешіміне сәйкес "екі күнге болашақ нысанның болжалды орнына уақытша шатыр, мобильді дәретхана мен жылжымалы генератор орнатылып жатқаны" айтылған.

Тағы оқи отырыңыз: "Жындының сандырағы!": экологтар Бозжыра шатқалына қонақ үй салуға қарсы

Бұл ретте әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпарына сүйенсек, қонақ үй құрылысы шешіліп қойған мәселеге ұқсайды.