Тұрғындардың айтуынша, ауылға ат ізін салмаған атқамінерлер түсірілім тобы келді дегенді ести сала аудан орталығынан ағылыпты.
Онлайн оқып жатқан Шығыс Қазақстан облысының кейбір ауылдарында әлі күнге дейін не интернет, не мобильді байланыс жоқ. Ал Қоянбай ауылының мектеп оқушылары онлайн сабақты теледидардан ғана оқыса, студенттері қаладан пәтер жалдап оқып жүр. "Балаларымызбен байланыса алмай отырмыз" деген бір топ ата-ана ауылда бас көтерді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасаған paryz.kz.
"Өзімде екі студентім бар. қазір онлайн сабақ. Қаладан мәжбүр болғандықтан пәтер жалдап, сонда тұрғызып жатырмыз. Егер интернет болса, балаларымыз үйде отырушы еді. Біз ішкенді жеп, жылы жерде, тыныш қана жүруші еді", - дейді Қоянбай ауылының тұрғыны Самал Тоғанбекова.
"Интернет керек. Міндетті түрде интернет керек. Екі балам 9 оқиды. Міне, келесі жылы студент болса, қайда барамын? Қаңғыртып қоя беремін бе?! Мысалы, онлайн болса", - дейді Қоянбай ауылының тұрғыны Жұмагүл Мұқатаева.
Ал аудандық әкімдіктегілер аудан бойынша шалғай жатқан 3-4 ауылда интернет жоқ екенін айтады. Бірақ байланыс операторларымен келісімшарт жасалған, тек кестеге сәйкес кезекпен орнатып жатқан көрінеді.
"Осы нақты Қоянбай ауылы желтоқсан айында интернетпен қамтамасыз етілуі қажет. Бүгінде "Теле2" компаниясының мұнарасы құрылып жатыр ауылда. 2021 жылға 4G интернетімен кіру жоспарланып отыр", - деді Бесқарағай аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сұңғат Назаров.
Тұрғындардың айтуынша, ауылға ат ізін салмаған атқамінерлер түсірілім тобы келді дегенді ести сала аудан орталығынан ағылыпты. Тіпті, бұған дейін болмаған интернет желісі аяқасты іске қосылып, жиналғандардың ұялы телефондарына қоңыраулар келе бастаған. "Бірақ қуаныш көпке созылмайды. Өйткені бұл көрініс - көзбояушылық", - дейді олар.