Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Қостанайлық кәсіпкер туған ауылын көтеруге 300 млн теңге бөлді

Ауылда сүт және ет өңдейтін цех бар. Шұжық өнімі қашанда сұранысқа ие. Жергілікті тауарлар сапалы әрі бағасы қолжетімді.

Қостанайлық кәсіпкер туған ауылын көтеруге 300 млн теңге бөлді
фото: ашық дереккөз

Қостанай облысындағы белгілі кәсіпкер Максим Артемук туған ауылының әлеуметтік саласын көтеруге биыл 300 миллион теңге бөлді, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Бизнестің қолдауымен шағын елді мекен көркейіп келеді. Жақында мәдениет үйі жөнделіп, тұрғын үйлер мен спорт кешені бой көтерді. Аумағы 8 мың шаршы метр болатын спорт кешені – кәсіпкердің жерлестеріне арнаған кезекті тартуы. Соңғы үлгідегі жаттығу залы әркімге ашық. Спорттың 8 түрімен тегін шұғылдануға мүмкіндік бар.

"Баскетбол, волейбол, шағын футбол, күрес, теннис, шахмат, жаттығу залы және ауыр атлетика залы бар. Балалар футбол үйірмесіне жазылуға құштар. Барлығы кешеннің ашылуын күтіп жүр. Бірақ карантинге байланысты үйірмелер уақытша жабық", - деді спорт кешенінің әкімшісі міндетін атқарушы Людмила Ерёменко.

Ауылдық аурухана да заман ағымынан қалмайды. Енді онда УЗИ аппаратымен диагностика жасау қолжетімді. Бұдан былай тұрғындарға алысқа сабылудың қажеті жоқ. Емдеу мекемесін қондырғымен кәсіпкер жабдықтаған.

"Науқастарға қалаға қатынаудың қажеті жоқ. Жергілікті Октябрь ауылдық ауруханасында қаралуға мүмкіндік бар", - дейді Октябрь ауылы ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Марина Хорошун.

Ауыл мамандарды лайықты еңбекақы, әлеуметтік пакет және баспанамен қызықтырады. Дәрігер, мұғалім, диқандар үшін 12 пәтерлі үй тұрғызылған. Жергілікті шаруашылық есебінен ауылдық аурухана жөнделіп, мектеп пен мәдени нысандар қамқорлыққа алыныпты. Бұл бағытқа миллиондаған қаржы жұмсалған.

"Әрине, басты мәселе – әлеуметтік сала. Егер адамдар үшін жағдай жасалса, ешнәрсеге алаңдамаса, сол жерде өндіріске де орын табылады", - дейді кәсіпкер Максим Артемук.

Ауылда сүт және ет өңдейтін цех бар. Шұжық өнімі қашанда сұранысқа ие. Жергілікті тауарлар сапалы әрі бағасы қолжетімді. Сонымен бірге, облыстағы ең арзан нан осы Октябрьде сатылады. Бағасы – 50 теңге.