Олардың тек бесеуі ғана орталыққа орналастырылды...
Полиция қызметкерлері көше кезіп жүрген 146 адамды қабылдау-тарату орнына жеткізді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Көше кезбелері қыста далада қалып, аяқ-қолын үсіріп алады. Кейбірі жылу құбырына денесін күйдіреді. Қатердің алдын алу мақсатында полиция «Қысқы карта» акциясын өткізіп, көше кезбелерін қабылдау-тарату орнына, яғни, Тұрғылықты жері жоқ және қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізді.
Осы аптада қабылдау-тарату орнына 146 адам жеткізілді. Олардың тек бесеуі ғана орталыққа орналастырылды. Ал қалған 141-нің жеке басы мен тұрғылықты жері анықталып, үйлеріне жіберілді.
"Көпшілігі бірнеше рет аталған мекемеге жеткізіліп, құжаты жасалған. Алайда, олар қайта көше кезіп кетеді. Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда. Қазір көшеде, аулада, жертөледе немесе басқа жерлерде үйсіз адамдарды байқасаңыз, 21-75-47, 90-73-54 қабылдау-тарату кезекші бөліміне немесе полицияға қоңырау шалыңыз", - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.