Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Назарбаева Шерлок Холмстың үйін "қант сатып тапқан ақшаға алғанын" айтты

Журналистер Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің билікте лауазымды қызмет атқара жүріп, үлкен байлық жинағанын, Әлиевтің қант бизнесін "жаулап алғаны сондай", "Қант патшасы" деп аталғанын да жазады.

Назарбаева Шерлок Холмстың үйін "қант сатып тапқан ақшаға алғанын" айтты
Фото: дереккөз

Осы аптада шетел басылымдары Британиядағы Қазақстан экс-президентінің әулетіне тиесілі деген дүние-мүлікке қатысты егжей-тегжейлі зерттеу мақала жариялады, деп хабарлады Азаттық радиосы.

"Шерлок Холмс және қазақ миллиондарының құпиясы". Журналистік зерттеу сайтындағы Назарбаевтар әулетіне тиесілі деген Британиядағы дүние-мүліктің жай-жапсарын әшкерелеген ауқымды мақала осылай аталады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің Ұлыбританиядағы "миллиондары" туралы материал легі толастамай тұр. Осы аптада британдық The Times Лондонның Бейкер-стрит көшесіндегі Артур Конан Дойлдың әйгілі кейіпкері Шерлок Холмстікі деген үй 2015 жылы Назарбаева мен Әлиевке тиесілі болғанын жазған. The Times, NBC, Guardian, Observer, Independent, openDemocracy және ВВС сияқты ақпарат құралдарының бірлескен жобасы – SourceMaterial сайтында Назарбаевтарға тиесілі деген мүлік туралы ғана емес, экс-президент әулеті өкілдерінің активтерін "жасыру" жолдары туралы да көлемді зерттеу мақала жарияланды. SourceMaterial қолда бар деректерге қарағанда, Назарбаева бұл активтермен "байланысын" әлі де сақтап отырған тәрізді деп қорытындылайды.

SourceMaterial авторлары қолына түскен "құпия құжаттарға" сүйене отырып, үйлердің қалай қолдан-қолға өткенін, олардың соңғы бенефициарлары кім екенін анықтауға тырысқан. Авторлардың айтуынша, "Назарбаева мен оның кеңесшілері инвестицияларды құпия ұстау үшін бәрін жасаған".

Ресурс мәліметі бойынша, 2015 жылы Бейкер-стриттегі жылжымайтын мүлік "британ компаниясына тиесілі болған, ал оған Британиядағы өзге екі компания иелік еткен, оларға төртінші фирма қожайын болған. Ал ол Британ Виргин аралдарындағы және Панамадағы құпия қорға қараған. 2015 жылы жемқорлықпен күресетін Global Witness қоры осы істің ізіне түсіп, "Кариб бассейнінің құпия айлақтарына барғанда одан көз жазып қалған" деп жазады SourceMaterial.

Журналистер The Times газетімен бірлесіп, жаңа пайда болған деректерді, соның ішінде әлдебір жазысқан хаттарды саралау арқылы осы ізді қайта тапқан. Олардың айтуынша, Бейкер-стриттегі "Шерлок Холмстың үйі" мен басқа да жылжымайтын мүлікке қожалық еткен британ фирмалары қараған Farmont Investors Corporation-ды Дариға Назарбаеваның өзі қадағалаған.

SourceMaterial ресурсының жазуынша, олар бұл ақпаратты Назарбаеваның адвокаттарымен және қаржы бойынша кеңесшілерімен жазысқан хаттарынан алған. Ол хаттарда "Farmont қожайының есімі құпия сақталуы керектігі және оның журналистер қолына түспеуінің маңызы ерекше айтылған".

SourceMaterial-дың жазуынша, 2015 жылы Global Witness жарияланымынан кейін Бейкер-стриттегі актив қожайындары ауысқан. Енді олар "соның алдында ғана Абу Дабиде құрылған" Landmark Network Real Estate Ltd компаниясына тиесілі.

"Бір қарағанда Назарбаева Global Witness есебінен қорқып, жылжымайтын мүліктен құтылғандай көрінеді. Бірақ SourceMaterial зерттеуіне қарасақ, ол Бейкер-стритпен байланысын сақтап қалған" деп жазады. Олар осы компанияға қатысы бар адамдарды талдау арқылы бұған көз жеткізген.

SourceMaterial-дың жазуынша, БАӘ-дегі фирманың үлесі бірдей бес қожайыны бар. Бұған себеп – Британияда 2016 жылы өзгерген заң. Ол заң бойынша, британ компаниясының кемінде 25 пайызына иелік ететін адамның аты-жөні көрсетілуі керек. Landmark Network Real Estate Ltd иелерінің әрқайсысы оның 20 пайызына ғана иелік етеді, яғни аты-жөндерін көрсетпеуге қақылы.

Компанияның БАӘ-дегі қожайындарының бірі – Мұхамед Саед Мұхамед әл-Арки. Осы тұста оның Назарбаевамен байланысын байқауға болады. Себебі әл-Аркидің іскерлік әріптесі – Максимилиано Даль’Оссо. Ал оның Британ Виргин аралдарындағы Дариға Назарбаеваға апаратын офшор компанияларға қатысы бар.

Авторлар Назарбаева мен Әлиевтікі делінген Лондондағы қымбат жылжымайтын мүлікке қатысты биыл өткен сот процесіне де тоқталады. Британияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі (NCA) бұл үйлер арам ақшаға алынған болуы мүмкін деген күдікпен оларды "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері (UWO) негізінде бұғаттауға күш салған. Дегенмен, Назарбаева мен Әлиев бұл мүліктің Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, марқұм Рахат Әлиевтің ақшасына алынбағанын айтып, "Миллиардерлер көшесіндегі" жалпы құны 80 млн фунт-стерлинг болатын екі үй мен қымбат пәтерді өздеріне алып қалған. Авторлар мұның өзін үлкен жетістік санайды, себебі "Назарбаева байлығының шығу төркінін ашық мойындауға мәжбүр болды, сөйтіп әлемдегі ең ықпалды отбасылардың бірінің қаржысына жұрттың назарын аудартты".

SourceMaterial Дариға Назарбаеваның миллиондарды қалай тапқаны туралы сотқа берген жауаптарына назар аударады. Басылым Назарбаеваны "соңғы кезге дейін Қазақстан сенатының спикері болған кәсіби опера әншісі әрі бизнес-империяның иесі" деп сипаттайды.

Журналистердің "Назарбаева сотты шатастырды деген пікірге қалай қарайсыз?" деген сұрағына оның адвокаттары бұл "шылғи өтірік" деп жауап берген. Олар Бейкер-стриттегі "Шерлок Холмстың" үйі туралы сауалға жауап беруден бас тартқан.

Журналистік зерттеу авторларының пікірінше, "Шығу төркіні белгісіз байлық" ордері британ құқық қорғау қызметінің мүмкіндігін кеңейткенімен, олар ең қымбат адвокаттық фирмаларды жалдау арқылы "заңды айналып өту жолдарын тауып жатыр". 2020 жылғы маусымдағы Ресей олигархиясының Ұлыбританияға ықпалы туралы парламенттік есепте осындай қорытынды жасалған.

"Өте қымбат адвокаттар жалдауда Назарбаева да олардан қалыспайды. Сотта Mischcon de Reya деп аталатын элиталық заңгерлік фирма оның құқығын қорғады" деп жазады SourceMaterial.

Сол үшін "Жемқорлықты әшкерелеу" (Spotlight on Corruption) тобының жетекшісі Сюзан Хоули Ұлыбритания заңды жылдамдатып өзгертуі керек деген ұсыныс айтқан.

"UWO ордері жемқорлықпен жиналған активтерді жылдам тұтқындаудағы олқылықтың орнын толтыруға арналған. Үкімет оның арам ақшаға тосқауыл қою стратегиясының негізі екенін жиі қайталаумен келеді, сондықтан ол (шығу төркіні белгісіз байлық ордері – Ред.) жұмыс істей ме, жоқ па, бұл өте маңызды" деді Хоули.

Журналистер Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің билікте лауазымды қызмет атқара жүріп үлкен байлық жинағанын, Әлиевтің қант бизнесін "жаулап алғаны сондай", "Қант патшасы" деп аталғанын да жазады.

Авторлардың жазуынша, Қазақстан сенатының бұрынғы спикері Назарбаеваның "600 млн доллар байлығы" бар екенін ол жалдаған адвокаттық фирма сотта ресми түрде айтқан. Mishcon de Reya фирмасы "Дариға Назарбаева – мақсатына жеткен, өте табысты бизнесвумен" деп сипаттама берген, бірақ "президенттің қызы болу бұған септескен болуы мүмкін" деп күдік етеді журналистер.

Ресурстың жазуынша, Дариға Назарбаева "бір активіндегі ақшаны екіншісіне салу арқылы мүлікті шын сатқандай көрініп", сол арқылы сотты шатастырған болуы мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Шерлок Холмстың Лондондағы үйі Назарбаевтар әулетіне тиесілі ме?

Оған себеп, Рахат Әлиев 2007 жылғы 28 мамырда қайын атасы – cол кездегі президент Назарбаевқа ашық қарсы шыққан күні Қазақстанда Gas Development деген "түсініксіз" компания құрылған. Оның аты 12 жылдан соң Лондондағы сот процесінде қайта шыққан. Сот Назарбаевадан Лондонның Хайгейт ауданындағы қымбат үйді алуға 9,3 млн фунтты қайдан алғанын сұрағанда, ол "бір кездері күйеуі Әлиевке тиесілі болған "Қант" ЖШС-дағы үлесін Gas Development-ке сатқанын", соның қаржысына үй сатып алғанын айтқан.