Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

ШҚО-да 67 млн теңгеге салынған су сору станциясы 10 жылдан бері істемей тұр

Одан бөлек, аудандағы су құбыры желісі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған. 80 пайызының тозығы жетіп тұр.

ШҚО-да 67 млн теңгеге салынған су сору станциясы 10 жылдан бері істемей тұр
фото: 24.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы Первомай кентінде 67 миллион теңгеге салынған су сору станциясы әлі іске қосылған жоқ, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Он жыл бойы есігінде құлып тұрған бұл нысанға тіпті адам жолай алмайды. Себебі станцияны салған мердігер компания құрылысты аяқтамаған. Ал тоса-тоса төзімі таусылған аудан әкімдігі жауапсыз мекемені сотқа берген. Енді ол даулы іс бітпей, ауызсу шаруашылығына қажетті қондырғыны қолдануға болмайды.

Мамандардың айтуынша, ол іргеде ағып жатқан Ертіс өзенінің астымен өтетін таза табиғи суды халыққа жеткізу үшін арналған жоба екен. Алайда құрылысты бастаған мердігер компания бұл шаруа үшін бөлінген 67 миллиолн теңге жетпей қалды деген желеумен жұмысты орта жолдан тоқтатып тастаған. Енді құрылысты жалғастыру мүмкін емес. Өйткені алдымен мердігер компанияға байланысты сот шешімі шығу керек. Олай болмай тұрып нысанды аяқтауға қайтадан бюджет қаражатын бөлу экономикалық қылмысқа әкеп соғуы мүмкін.

"Бұл сот шешімі аяғына дейін жетпей отыр. Біріншіден, мердігер компания тарапынан келетін шығынды өтеуді талап етіп отырмыз. Ол талап толығымен өтелмей, біз жұмысты аяқтай алмаймыз", - дейді Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов.

Айтпақшы, кезінде мердігер компания істі бітіру үшін тағы 5 миллион теңге керек деп сұраған. Ал қазіргі қаржылық есепке сай, станцияны толық аяқтауға одан 6 есе артық қаражат қажет. Шемонайха ауданындағы жалғыз сумен қамту мекемесінің өкілдері де аталған нысанның жұмыс істеуін асыға күтіп жүр.

"Сорғы станциясының тиімділігі мынада. Біріншіден, электр энергиясының жұмсалуында аса көп өзгеріс болмайды. Ал есесіне қазіргідей суды сүзу, тазалау сияқты шаруаларға шығындалмаймыз. Әсіресе көктем, күз айларында Ертістің суы қатты лайланады. Оны тазалап, сапасын арттыру үшін көп уақыт, көп қаражат жұмсалады. Сондықтан мына станция істесе, артық жұмыс азайып, ақша үнемделер еді", - дейді "Шемонайха су арнасы" мекемесінің бас инженері Виталий Одинцов.

Үнемделген қаржы ауданды сумен жабдықтайтын мекемеге ауадай қажет. Өйткені су шаруашылығына жауапты білдей кәсіпорынның техникасы ескірген. Одан бөлек, аудандағы су құбыры желісі осыдан 40-50 жыл бұрын салынған. 80 пайызының тозығы жетіп тұр. Еске сала кетсек, бұл өлкеде қазір 5 ауыл тіршілік нәрінсіз отыр.