Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Қызылорда облысында жалғыз "әмбебап" мұғалім 4 сыныпқа қатар сабақ өтеді

"40 минутта бүкіл 4 сыныпқа сабақты сұрап та, түсіндіріп те үлгеруім керек. Негізгі пәннен беремін, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, орыс тілі, музыка", - дейді ол.

Қызылорда облысында жалғыз "әмбебап" мұғалім 4 сыныпқа қатар сабақ өтеді

Қызылорда облысының Гигант ауылдық округіне қарасты Ақтам елді мекенінде барлық пәннен беретін жалғыз мұғалімі бар мектеп жұмыс істеп тұр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Шағын ғана мектепте 4 сынып бір кабинетте отырып, «білім алады». Ал бастауыш мектепте бар-жоғы 6 оқушы бар. Мектептің жалғыз мұғалімі Сандуғаш Кершебаева жұмысының "қыр-сырымен" бөлісті.

"Қиындығы, бір сыныпта 1-ден 4-ке дейінгі сыныптар отырады. 40 минутта бүкіл 4 сыныпқа сабақты сұрап та, түсіндіріп те үлгеруім керек. Негізгі пәннен беремін, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, орыс тілі, музыка", - дейді ол.

Шиелі ауданынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекенде 50-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен күнін көруде. Мұнда мектептің бой көтергеніне 30 жылдан асқан. Қазір балалар 5-сыныпқа дейін оқиды. Өкінішке қарай, оларға білім алуға жайлы жағдай қарастырылмаған. Ал аудандық білім бөлімі мектепке тексеріс жүргізуге уәде берді.

"20 орынға арналған мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның бір кемшілік тұсы – спорттық алаң, осындай мәселе қарастырылмаған", - дейді Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Нәсібеков.

Алдымен мектеп жабылып, сосын жұрт ауылдың орнын сипап қалайын деп отырғанда, Шиелі шенеунігінің спорттық алаңның жоқтығына "алаңдағаны" ұят болған екен.