Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Заңсыз құрылысқа ақша салған ақтаулық үлескерлер зар илеп қалды

Құрылысты заңсыз бастағанымен қоймай, 100-ден астам тұрғынның қаржысын алдын ала жинап алған. Тіпті, бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген.

Заңсыз құрылысқа ақша салған ақтаулық үлескерлер зар илеп қалды
фото: inform.kz

Ақтауда 200-дей үлескер заңсыз құрылыстың құрбанына айналды. Үш бірдей компания әкімдіктің рұқсатынсыз көпқабатты үй салған. Бірі кәсіпкерлік нысанына, енді бірі автотұрақ орнына үй тұрғызған, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасының ақпаратына сүйене отырып.

"Гаухартас" тұрғын үй кешені жаңа 20-шағын ауданнан бой көтерген. Құрылысты заңсыз бастағанымен қоймай, 100-ден астам тұрғынның қаржысын алдын ала жинап алған. Тіпті, бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген. Алданған салымшылар әкімдіктен көмек сұрап отыр.

"Тиісті құрылыс құжаттарын рәсімдеместен, тұрғын үй құрылысын бастап кеткен болатын. Оған сәйкес сот орындарына қазір талап-арыздар жолданды. Құрылысын тоқтату бойынша және халыққа барынша ашық ақпарат беру аясында осындай жұмыс ұйымдастырылып, салымшылардың алданып қалмауы және үлеске қатысты құқықтарын түсінуі бойынша бұл мониторинг қосымша жүргізілуде", - дейді қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы.

Қала әкімдігі заңсыз салынып жатқан құрылыстарды анықтау үшін мониторинг жұмыстарын бастады. Қазір Ақтауда 60-тан астам тұрғын үй салынып жатыр. Олардың 15-інің құжаты рәсімделмеген. Қала әкімінің айтуынша, пәтер сатып аларда күмәнді үлестік құрылысқа қаржы салмау және құрылыс компаниясының құжаттарымен мұқият танысып шығу қажет.

"Біз әкімдік тарапынан бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Бұл қазір облыс әкімінің қадағалауында тұр. Заң аясында олардың барлығы тексеріліп жатыр. Біз өз тарапымыздан қарап отырмай, мониторингтік топтар құрдық. Оның бәрін тексеретін боламыз. Егер заңсыз құрылыс жүріп жатса, болашақта оның бәрін тоқтатамыз. Егер жай ескертуден кейін тоқтатпаса, басқаша шара қабылдаймыз. Осыған өздері мәжбүрлеп отыр", - деді әкім Нұрдәулет Қилыбай.

Құрылыс компанияларымен ғана емес, жарнама берушілермен де күрес күшейтіледі. Заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлерге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жарнама берілмеуі тиіс.