Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Әйелдер билікке "жөргекпұл бала 3-ке толғанша төленсін" деген талап қоюда

"Жәрдемақыны көбейту бойынша шараларды енгізу 2026 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығының бұзылуына әкеп соғады", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Әйелдер билікке "жөргекпұл бала 3-ке толғанша төленсін" деген талап қоюда
фото: ktk.kz

Бала күтіміне байланысты берілетін жөргекпұлдың мерзімі ұзартыла ма? Көптің көкейінде жүрген сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді, деп хабарлады paryz.kz, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, осы жылдың басында аталған ведомствоға жәрдемақыны 1 жарым немесе 3 жасқа дейін ұзарту ұсынылып еді. Өйткені, бала 1 жастан асқан соң Үкіметтен берілетін жөргекпұл тоқтайды. Сөйтіп, ата-ананың екеуі бірдей жұмысқа шығып, отбасылық кірістің 50-60 мыңын бала күтушіге үзіп беруге мәжбүр.

"Осы жылы министрлік бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімін 1 жылдан 3 жасқа дейін ұзарту туралы мәселені қарады. Алайда, жәрдемақыны көбейту бойынша шараларды енгізу 2026 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығының бұзылуына әкеп соғады. 2049 жылға дейін қордың қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін 2020 жылдан бастап әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесін 8%-ға арттыру қажет. Бұл өз кезегінде жалақы қорына жүктемені арттырады және бюджеттен қосымша қаражат талап етеді".

Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазіргі ресми жауабы. Яғни, сайып келгенде барлығы бюджетке келіп тіреледі. Елдің экономикалық мүмкіндіктері де ескерілуі керек делінген ресми жауапта. Осы орайда, ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың қатып қалған жүйесіне қан жүгірмесе, одан келер залалдың арта берері сөзсіз дейді мамандар.

"Егер осы мәселеге түбегейлі қарамайтын болсақ, онда біз, біздің қоғамымыз дамудың орнына кейін кетеді. Қазір шетелге қаншама жастар кетіп жатыр. Неге кетіп жатыр? Себебі, олардың барлығы осы елдегі төлемақы, еңбекақы дұрыс төленбегендіктен. Жүйесіздіктен. Безбүйректіктен", - дейді "Ақжүніс" ерікті аналар қоғамы Астана бюросының жетекшісі Мейрамхан Жәпек.

Қазір 400 мыңға тарта әйел бала күтіміне байланысты жәрдемақысын алып отыр. Жұмыс істемейтін әйелдерге бюджеттен бір жыл бойы ай сайын 15-тен 24 мыңға дейін жәрдемақы төленуде. Ал көрші Ресейде жөргекпұл 1 жарым жасқа дейін беріледі. Балабақшаларының да кіші тобы осы жастан бастап жұмыс істейді.