Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

52 жасында тұңғыш босанған әйел неге ұзақ күткенін айтты

Атырау облысында 52 жасында тұңғышын босанған Айгүл Бисенбаева жақында сәбиін қырқынан шығарды. Ол еліміздегі экстракорпоральды ұрықтандыру тарихында (жасанды жолмен ұрықтандыру) алғашқы болып өзі жайында ашық ақпарат берді. Әдетте бұл құпия мәліметке жатады. Алайда, Айгүл біздің сауалымызға мұның себебі неде екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап. 

52 жасында тұңғыш босанған әйел неге ұзақ күткенін айтты

19 қаңтарда дүние есігін ашқан ұлының есімін ол жолдасы Ибрагим Шаукиров екеуі Нұргелді деп қойды. Бұл - Айгүлдің алғашқы некесі. Ал жолдасы бұрын үйленген, екі қызы бар. Олар бүгінде өз алдына дербес үйлі болып, аяққа тұрған. Бір ұлы төбелес кезінде қайтыс болған. Әйелі де бірнеше жыл бұрын көз жұмған. Балаларының бәрі бүгінде ер жетіп, жолдасы Айгүлмен Жылыой ауданы Теңіз кен орнында аспаз болып жұмыс істеп жүргенде танысқан.

- Сізде бала көтере алмай қаламын деген қорқыныш, үрей болған шығар…

- Иә, мен тіпті ол туралы 40 жасымда уайымдай бастадым. Сонда тату өмір сүретін, отбасылы адамдарды қарап жүретінмін. Жалғыз адамға қиын. Реті болған жоқ бірақ. Сосын әйел адам тез қартаяды, климакс келеді, «жалғыз қаламын ба осылай, қартайып қаламын» деген қорқыныш, үрей болды.

Мен отбасын құрарда жолдасыма егер өздігімнен бала көтере алмасам, ЭКО-ға барғым келетінін ашып айттым. Ол құптады. Бірінші талпыныстан нәтиже болмаса, тағы да барамыз деп шештік. Әуелі Алла сәтін салып, одан кейін акушер-гинекологтардың арқасында аңсаған сәбиімді сүйіп отырмын.  

- Құрсағыңызға жан бітті дегенді естігенде ең алғашқы сезіміңізбен бөліссеңіз...

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес бұл сезімді. Таудың үстіне шығып, бар даусыммен қатты айқайлағым келді. Төбеге шығып, бақырып тұрып жылағым келді. Ол хабарды естіген соң ғарышта жүргендей сезінесің. Бір жерге ұшып барып, ұшып келгендей қалқып жүресің.

- Айгүл, көңілізге келмесін, бірақ мынаны сұрағым келеді. Әдетте жасанды жолмен босанғандар онысын жасырын ұстайды. Ал сіз тым ашықсыз, бәріне жасырмай айтып жүрсіз. Мұны сыры бар ма?

- Біріншіден, бұл қуанышты жаңалықты жасырғаннан ештеңе шықпайды деп есептеймін. Бұл бір Алланың қолдауымен және мамандардың көмегімен болып отыр. Екіншіден, менің шешімім, әр адам өзі үшін өзі шешеді. Үшіншіден, мен сияқты айналамда да тұрмысқа шықпаған, бала сүйе алмай жүрген жасы келген әйелдер көп. Солар үміт үзбесінші деген ниетпен ашық айтып отырмын. Қазірдің өзінде бірнеше отбасыға сәттілік тілеп, оларды дәрігерлерге жібердім. Қаншама отбасы ортада бала болмаған соң ажырасқан. Көбі жылап хабарласады. Соларға сәл де болса көмек болсын деп айтамын.

- Сұқбатыңызға рахмет. Сіздің оқиғаңыз бала сүйгісі келетін басқа да қыз-келіншектерді қанаттандырады деп сенеміз!