Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Исламтанушы: «Өзгенің бақыты – сенің бақытың»

Бұл кірпіш дүниенің кетігіндегі өз орнымызды қайтсек таба аламыз? Бақытты өмір сүру үшін не істеу керек? Өзіңнің өмірлік миссияңды қалай анықтауға болады? Осы және бірқатар өзекті сауалдарға ислам, шариғат шеңберінде жауап алу үшін біз исламтанушы, теолог Рауан Жұмабайұлы Чингужановпен интервью жазған едік. 

Исламтанушы: «Өзгенің бақыты – сенің бақытың»

– Рауан Жұмабайұлы, «өзімді таппай жүрмін» деген адамдар көп. Бұған не айтасыз? 
–   Құдай әрқайсымызды белгілі бір мақсатпен жаратты. Егер сол мақсатқа сай өмір сүрмесек, адам өзін жоғалтқандай күйде болады. «Бірдеңе дұрыс болмай тұр, бірдеңені дұрыс істемей жүрмін» деп іштей өзі сезеді. Сол сезімді біз «өзімді іздеп жүрмін», «депрессиядамын», «нишамды таппай жүрмін», «өзімді жоғалтып алдым» деп әр түрлі атаймыз. Адам өзінің жаратылыс мақсатына сай өмір сүрмеген кезде, солай өзін жоғалту сезімі пайда болады. Шартты түрде айтайын, мен қолымдағы телефонды балға қылып қолдандым делік. Телефонға жан бітсе, «негізі жақсы телефон едім, неге мені балға қылып жіберді, ол үшін жаратылмаған едім, мені мақсатқа сай қолданбады» деп ренжиді. Содан телефон да депрессияға түседі. Түсіндіре алдым ба? Сол сияқты адам жаратылыс мақсатына сай өмір сүрмегенде өзін жоғалту сезімі пайда болады. 


–    «Жаратылыс мақсатына сай өмір сүру» деп нені меңзеп тұрсыз?
–    Адам не үшін өмір сүріп жатыр? Құдай бізді не мақсатпен жаратты деп  өзімізге сұрақ қойсақ, әрбір адам белгілі бір миссиямен жаратылған деген жауап аламыз. Сол миссияның артында айналаңа пайдалы болу деген идея жатыр. Біз қалай және қай кезде айналамызға пайдалы боламыз? Біз ғибадат еткенде өзгеге пайдалымыз. Бізді Құдай ғибадат жасау үшін жаратты десек, онда ғибадатты тек қана намазбен шектеу қате болады. Ғибадат – ол бала тәрбиесі, ғибадат – әке-шешеңе құрмет жасау, ел үшін пайдалы болу да ғибадат. Бүкіл қарым-қатынас ғибадат. Адал ас жеу, адалынан табыс табу ол да ғибадат. Мұғалімнің сабақ беруі, студенттің дәріс үйренуі де ғибадат. 


    Сонда ғибадаттың терминдік мағынасы қалай болды?
–    Ғибадат – Аллаға жалбарыну, Алланың қалаған нәрсесін істеу. Құдай бізге нені әмір етті? Намаз оқы, ораза ұста, әке-шешеңді құрметте деді. Халқыңа пайдалы бол, адалынан ас ішіп, адалынан табыс тап деді. Мұның бәрін бізге Алла әмір етіп, айтып тұр. Шариғаттың шеңберінде өмір сүру ол жүз пайыз ғибадат. Ғибадаттың қысқаша анықтамасы осылай. Осы тұста шариғаттың рухы деген бар. Ол не десеңіз, ол – альтруизм. Елдің амандығы үшін, бақытты болуы үшін өмір сүру. Мұсылманның негізгі миссиясы міне, осы жерде. Мен мына қоршаған ортаға, қоғамға пайдалы болу үшін бармын. Құдай мені сол мақсатта, басқалардың пайдасына қолдану үшін мені құрал ретінде жаратты. Исламның, шариғаттың негізгі рухы осы. Адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін өмір сүру. Ал шынайы бақыт имансыз болмайтыны хақ. Иманды халыққа түсіндіру жолында Құдай мені жаратты. Дінді, исламды халыққа жеткізу, түсіндіру менің ғибадатым. Журналистің ғибадаты елде, әлемде болып жатқан жаңалықты халыққа жеткізу. Біздің жұмыстағы оператордың ғибадаты дәрісті камераға түсіріп, монтаж жасап, ютуб каналына жүктеу. 
Қай уақытта адам эгоист бола бастайды, сол кезде жоғарыда айтқан күй немесе хәл, сезім дейміз бе, адамға өзі-ақ келеді, содан миллион проблема шығады. «Өзімді жоғалтып алдым, өзімді таппай жүрмін, депрессиядамын» деген әңгіменің төркіні осыдан шығады. Біздің елдегі ажырасудың 99 пайызы эгоизмнен. Альтруизм – эгоизмнің антонимі. Альтруист адам «басқалардың өмір сүруі үшін мен өмір сүру керекпін. Қазақстан аман болуы үшін мен бармын» дейді. Эгоизм тура терісі. «Мен бармын. Бәрі мен үшін бар» дейді. Күйеуі мен әйелі бір біріне «сен міндеттісің» деп міндетсініп отырса, одан қандай отбасы шығады? Отбасы – рухани атмосфера, құрметке негізделу керек. Жақсы, бұл отбасылық тақырып. Эгоизм біздің қоғамда да бар. Қай уақытта адам өзінің жеке басымен ғана өмір сүреді, эгоизм ол – шайтанның мақсаты. Альтруизм – адамның мақсаты. Бізді Алла елге, халыққа, айналамызға пайдалы болу үшін жаратты емес пе?! Ал шайтан бізге эгоизмді үйретеді. Себебі, оның мақсаты сол. Ол Құдайдың жаратқан мақсатына қарсы амал етеді. Шариғатта «мен елдің амандығы үшін бармын» десе, шайтан «сен өзіңде өзің барсың, сен өмір сүру керексің, сен ішіп-жеу керексің» дейді. Яғни адам «мен, мен» деп көкірегін кере бастайды. Ал елге пайдалы болсам деген ниетпен өмір сүру – исламның рухы. Ол шынайы мықты ғибадат. Ол үшін тек ниетті дұрыстау қажет. Бәріміз күнделікті тіршілікпен өмір сүріп жатырмыз. Айырмашылық неде десеңіз, ол тек әркімнің ішкі ниетінде. 


–    Демек, біз өзгенің қамын көбірек ойласақ, өз жолымызды табамыз дегіңіз келді ғой?
–    Әрине. Бұл өмірде ләззат жоқ емес, ләззат көп. Бірақ адам қай кезде сол ләззаттың ең биік шыңына шығып, оның тәтті дәмін сезіне алады? Ол өзіміз жегенде емес, өзгеге жегізгенде, өзіңіз ішкенде емес, өзгеге ішкізгенде, кигенде емес, өзгеге кидіргенде шын бақытты сезесіз. Осы сезімдер адамда жиі әрі көп болғанда ол адамға сенімділік береді. Сонда адам депрессияға қарсы тұрып береді. Сонда адам баласы өзін жоғалтпайды. Неге олай? Себебі, сен айналаңа пайдалысың, мақсатқа сай өмір сүріп жатырсың. Олай болса, істейтін ісімізді дұрыстайық, елге пайдалы болу жолында ниетімізді жөндейік. 
Әдетте қыз-келіншектер күнделікті үй жинап, тамақ жасаудан шаршап, жалығады. Бірақ үйге қонақ келер кезде әйел адамда ерекше энергия пайда болып, жылдам, белсенді болып кетеді. Демек, ұйықтап жатқан энергия оянды. Оның мәнісі –  өзгелерге дәмділеп тамақ беру, әдемілеп ұсынудан олар көбірек ләззат алады. Біздің әрқайсымыздың өмірлік миссия осылай пайдалы болуға негізделу қажет. Ол тамақ істеу, жұмыс жасау, бала тәрбиесі, қоғамдық көлік жүргізушісі болсын, адам немен айналысса да өзгеге пайдалы болу қажет. Мұсылман адам тілімен де, ісімен де зиян тигізбейтін адам. Минимум зиян, максимум пайда. Бұл біздегі жалпы ішкі күй осындай болу керек. Адам өзгеге зиян тигізуін азайтса, оның өзіне тигізетін пайдасының салмағы артар еді. Яғни ол уақытының көп бөлігін өзін дамытуға арнайды. 


–    Өзіңді дамыту неден басталғаны дұрыс?
–    Негізінде, адам баласы өлгенше дамитын жаратылыс. Бізде адамның дамуында белгілі шекара жоқ. Дамудың шыңына шыққан Мұхаммед пайғамбар (c.а.с.) десек, біздің рухани деңгейіміз оған жеткенше бізге күнде даму қажет. Хадистің өзі «екі күні бір біріне ұқсаған адам – алданған адам» дейді. Кешегі күнің бүгінгі күнге ұқсап жатса, онда сен шығындасың деген сөз. Бүгінгі өмірің кешегі күннен бір саты жоғары болуы тиіс. Оны неден бастаймыз десеңіз, Құдайдың сөзінен асырып ештеңе айта алмаймыз. Қарапайым ғана оқудан, кітап оқудан бастаңыз. Неліктен Алланың бірінші бұйрығы «Оқы» болды. Олай болса, күніне 10-15 минут кітап оқудан  бастаңыз. Бұл жердегі мәселе адам оқу деген процесті өміріне кіргізіп алу керек. Ол үшін оны жеңілдетіп бастаңыз, яғни күніне 10-15 минут қана кітап оқу жеткілікті. Бір сағат кітап оқып, сосын екі-үш күн оқымай кетудің керегі жоқ. Сол үшін де исламда «Аллаға ең ұнамды іс – аз да болса үздіксіз (тұрақты) орындалатын амал» делінген. Қай салада қалай дамимын деген сұрақ болса, ол да оқуға келіп тіреледі. Оқу дегеніміз универсалды процесс болғандықтан ол дамудың бүкіл деңгейінде керек. 


–    Оқы дегенде қазір бірден ойға психологиялық кітаптар оралады екен. Бәлкім, ол халықтың жаппай психологияға ден қойғанынан болар. 
–    Шариғатта психологтың сұлтаны пайғамбарымыз (с.а.с) деп айтар едім.  Егер біз оның хадистерін психологиялық ракурста қарайтын болсақ, бала тәрбиесі, отбасы институты, жеке тұлғалық даму, қорқыныштан арылу, тәубе ету, іштегі «тарақандардан» арылу дегендер тұнып тұрған психология. Пайғамбарымызда (с.а.с) бұлардың бүкіл инструменті бар ма, бар. Қолданған ба, әрине қолданған. Біз ол хадистерді психология призмасымен қарамағандықтан, шариғат дейміз де, бөлек дүние сияқты көреміз. Асылында, бөлек емес ол. Бұрындары әр имам бір психолог болған. Болғанда да мықты психолог еді. Себебі, олардың құралдары – Құран аяттары мен хадистері болатын. Ал оның керемет құрал екеніне дау жоқ. «Нұр Мүбәрак» университетін бітіргендерге екінші мамандық ретінде психология не әлеуметтануды оқуды өсиет етер едім. Хадисте психология жоқ емес, бар. Біз өзіміз оны аша алмаймыз. Себебі, бізде психологиялық білім жоқ. Сондықтан хадиске біз ол ракурстан қарай алмаймыз. Қазір біздің қоғамға шариғатты мықты білетін психологтар, шариғаттан сауатты әлеуматтанушылар, мәдениеттанушылар қажет. 


–    Олар қоғамға не бермекші? 
–    Біріншіден, қоғамда исламофобия бар. Демек, біздің Қазақстанның қоғамы діни терминдерді қабылдамайды. Молдадан қорқады. Ал бізге дінді түсіндіруіміз керек. Қоғам дінді қай тілде қабылдайды? Қоғам ғылыми тілде қабылдайды. Олай болса, біз дінді халыққа ғылыми призмада түсіндірейік. Діни құндылықты оларға қызықты дүниемен айтайық. Қазір қоғам жаппай психологияға бет бұрды, олай болса дінді психология арқылы түсіндіріп берейік. Дінді айтам деп халыққа арабша жақындамауымыз керек, ғылыми тілмен не салт-дәстүрмен, тарихпен, әдебиет және психологиямен жақындауымыз қажет. Алаштың тарихын мұсылмандық призмамен зерттеп көрейік. Лингвистер Абайды бізге түсіндіріп бере алмайды. Себебі, Абай атамызды әдеби призмамен аша алмайсың. Оның құндылықтарын діни призмамен ашамыз. «Қырық бес қара сөзді» тілді білетін адам емес, дінді білетін адам түсіндіре алады. Демек, бізге исламтанушы әдебиетшілер ауадай қажет. 
–    Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                       Сұхбаттасқан – Әсел Дағжан.