Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

480 үміткердің ішінен 100 мың долларға ие болған педагог ақшаны меңземеген

Айдын Рахымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында 480 үміткердің ішінен іріктелген үздік педагогты таныстырды. Ол – елордадағы республикалық физика-математика мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарып жүрген Аралбек Берікұлы деп хабарлайды Paryz.kz, Turkystan.kz-ке сілтеме жасап. 

480 үміткердің ішінен 100 мың долларға ие болған педагог ақшаны меңземеген
Сурет: ашық дереккөз

Аралбек Берікұлы мұндай қадамға уәде етілген сыйақы үшін емес, ауыл мектебіндегі білім сапасын жақсартуға шын пейілімен кіріскенін сұхбат-сынақ барысында аңғардым. Ол осы кезең барысында жалақысының қанша болатынын мүлдем сұрамады. Керісінше арманындағы мектепті салу жоспарын, онда жүргізілетін жаңа әдіс-тәсілдерді зор құлшыныспен жеткізді. Тіпті, ресми бұйрықты күткен үш айдың ішінде ауыл мұғалімдері мен оқу үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты бастап кетті, – деп жазды Айдын Рахымбаев.

Сондай-ақ, BI Group компаниясының басшысы таңдалған кандидатпен ауыл мектебін қайта салуды ғана емес, осындай мектептердегі білім сапасын ілгерілететін бірегей модульді сынап көруге келіскенін атап айтты.

Үздік педагог атанған Аралбек Берікұлы енді Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданындағы Казнаковка ауылында, яғни Өскемен қаласынан 160 шақырым қашықтықта орналасқан білім ордасын басқаратын болды. Ол бас қаладан Айдын Рахымбаевтың ауылына отбасымен бірге, 5 баласымен бірге көшіп барған.

Өз кезегінде Айдын Рахымбаев жеңімпаздың ауыл мектебін басқару бұйрығына оң шешім танытқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке алғыс айтты.

Айта кетсек, 2021 жылдың қазан айында BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев ауыл мектебінің директорлығына конкурс жариялаған болатын. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, үздік ұстазға 100 мың АҚШ доллар немесе Нұр-Сұлтан қаласынан 3 бөлмелі пәтерді таңдау ұсынылды.