Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Сәләфтардың құты қашпады, қайта жалы күдірейіп, азуын көрсете бастады" - Бақытжан Қосбармақов

..."Шын мәнінде, бұлар – діндарлар емес, діннің атын жамылған саяси-конспирологиялық ұйым", - деді ол...

"Сәләфтардың құты қашпады, қайта жалы күдірейіп, азуын көрсете бастады" - Бақытжан Қосбармақов
фото: islamnews.ru

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Жаманның жамандығын айт, құты қашсын" дейді қазақ даналығы. Кейінгі кезде Мұхамеджан Тазабектің "Қазақстан" арнасындағы "Тәлім-тренд" бағдарламасы төңірегіндегі даудың өршіп бара жатқаны мәлім. Әсіресе, белгілі журналистер Тоқтар Жақаш, Бақытжан Қосбармақов және Ораз Әлімбеков сәләфизм ағымындағылардың "жағасынан айрылар емес". Сондықтан "Асыл арна" экранына шығып, "мен сәләфит емеспін" дей бастаған Тазабектердің құты қаша бастаған сияқты.

Біз "Сәләфиттердің неге құты қашты?" деген сұрақпен Бақытжан Қосбармақовқа да, Тоқтар Жақашқа да хабарластық. "Сәләфтардың құты қашты" демес едім. Қайта жалы күдірейіп, азуын көрсете бастады. Шын мәнінде, бұлар – діндарлар емес, діннің атын жамылған саяси-конспирологиялық ұйым", - деді Бақытжан Қосбармақов.

Оның айтуынша, қазір діни уағыз айтып жүргендей көрінгенмен, сәләфиттер бір сәтте саяси ракурсқа өтеді.

"Олардың артында саяси элитадағы беделді, өте ықпалды топ бар, генералдар тұр. Атын атап, түсін түстейтін несі бар, оны жұрттың бәрі біледі деп ойлаймын. Мысалы, Сарыағаш мешіт-медіресесін кім салды? Смановтарды кім қолдайды? Оны екінің бірі білетін болса керек", - деп отыр әріптесіміз.

Айтуынша, дәл қазір сәләфиттер – тамырын тереңге жайған үлкен, ықпалды саяси күш. Оның қаупі де сол, тек саяси элита ішінде емес, қоғамда да оған сенетін фанаттар бар.

"Тек сәләфизм емес, Қазақстанда жалпы діни ахуал ушығып, дертіп тұр. Түптеп келгенде, мұның бәрі – Ақорданың жобасы. Олар бәрін реттеп, текшеп отырамыз деп ойлайды. Бірақ, діни фактор радикал сипат алып кетсе, оны ауыздықтап, қақпалап отыру қиын, тіпті, ырыққа көнбей кетеді. Оның зардабы да ересен", - деп түйіндеді жауабын Бақытжан Қосбармақов.

Ал желіде өзінің "Жас Алаш" газетіне сәләфиттер туралы зерттеу мақала жазып жатқанын "сүйіншілеген" Тоқтар Жақаш біздің сұрағымызға жауап бергісі келмеді. "Ұлттық арнаға Мұхамеджан Тазабектің келуінің тасасында Ләззат Танысбай да тұрған жоқ па?" деген сұрақтың жауабын қысқа қайырды. "Мұхамеджан ұлттық арнаға жоғарының пәрменімен, күшпен келді. Оған Ләззат Танысбайдың ешқандай қатысы жоқ деген пікірдемін. Мұхамеджанның өзі де айтыпты ғой, "Ерлан Қарин бағдарламаны ұлттық арнаға әкелді" деп", - дейді ол.

Сондай-ақ, келесі әріптесіміз Дина Елгезекті де "Мұхамеджан Тазабек сізбен жақсы араласамын, бізге қарсы емес дегендей емеурін танытып еді..." - деп әңгімеге тартып көрдік. "Өмірде бір рет көрген адамым. Тойда өзі келіп, "Суретке түсуге бола ма?" деді. Одан ватсапта бір рет сөйлестім. Бар болғаны сол", - дейді Дина. Оның айтуынша да, "сәләфиттердің құты қашқан жоқ, керісінше, күшейе түсуде".

Осы тақырыпта пост жазып жүрген қоғам белсенділерінің жиынтық пікірлерін қоссақ, Мұхамеджан Тазабекті Мәулен Әшімбаев пен Нұрлан Нығматулиннің қабылдауы да тегін емес. Яғни, сәләфизм идеологиясы – әдейі жасалған мемлекеттік жоба деседі.

Енді Ораз Әлімбековтің жазбасына келсек, "Қазаннан қақпақ кетсе, сәләфиттен ұят кетеді" деп отыр ол, белгілі мақалдың сәл өңін айналдырып.

"Тазабековке тас ата бергенше, "Тәлім-трендті" эфирге шағырып отырған телеарна басшысы Ләззат Танысбайды талқандамайсыңдар ма? Әлде, Танысбайға келгенде тік ішектерің жіңішкеріп қала ма? Мұхамеджан айтыпты ғой, "Тәлім Ерлан Қаринге ұнаған, эфирге шығаруға бейіл болған. Соны араға уақыт салып Танысбай жүзеге асырып отыр" деген сыңайда. Пажалыста, "Тәлім-трендке" кім рұқсат бергенін білдіңдер ғой. Дабайте, айдаңдар, ақпараттың сын садағын солай бұрып" деп жазды Facebook-тегі парақшасына.

Оған да Тоқтар Жақаш бізге берген жауабындағыдай етіп, "Келіспеймін. Ләззат әкелген жоқ. Қарин күшпен кіргізіп отыр" деген қысқаша пікір қалдырды.