Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматыда 2 жасар бала аурухандан балалар үйіне өткізілмек

Әлеуметтік желіде екі жастағы алматылық бала туралы ақпарат тарады. Жазба авторының сөзінше, қалалық №2 балалар ауруханасында екі жастағы бала қыркүйек айынан бері жалғыз жатыр, осы уақытқа дейін ешкім іздеп келмеген, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Алматыда 2 жасар бала аурухандан балалар үйіне өткізілмек
Сурет: Nur.kz

Екінші қалалық ауруханада 2 жастағы бала ата-анасының қарауынсыз жалғыз жатыр. Ол жерде қыркүйектен бері тұрып келеді, ата-анасы оны алуға келмеген. Бұл туралы маған сол жерде қызмет ететін танысым айтты. Бұл жағдайды жариялауға бола ма? Баланың жағдайына көңіл аударып, өз үйін табуға көмектесейік деген ниет , - дейді аты-жөні белгісіз жазба авторы.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының  мәліметінше, 2021 жылдың 22 қыркүйегінде Әуезов ауданы ІІБ патрульдік қызметі №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасына 2020 жылы туған баланы алып келген. Алайда өздерімен бірге ешбір жеке басын растайтын құжаттары болмаған.

Баланың әкесі 1985 жылы туған, жұмыссыз, тұрғылықты жері жоқ екені белгілі болды. Ауруханаға келіп түскен уақыттан қазірге дейін бала басқа науқастармен бірге гематология бөлімшесінде жатыр. Инфекциялық аурудан қорғау мақсатында бала палатаға орналастырылған. Бүлдіршін медицина қызметкерлерінің бақылауында. Бөлімшелерде температура нормасы сақталады, палаталары жылы. Балаға күн тәртібіне сай үш уақыт ыстық тамақ беріледі, санитар қызметшілер тамақтандырады. Бала ауруханаға түскен кезде оған барлық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде ешқандай патология анықталған жоқ, баланың денсаулығы жақсы. Бала ауруханаға түскеннен кейін ата-анасы бір рет келіп кетті. Олар жұмыссыз, еш жерде тұрақты тіркелмеген. Құжаттарды рәсімдеп болған соң, баласын алып кететінін айтқан. Алайда қазірге дейін баланың ешқандай құжатын (туу туралы куәлік) әкелген жоқ, - дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда аурухана қызметкерлері балаға есім беру туралы акт жасап, оған туу туралы куәлік рәсімдеу үшін өтініш жіберіп отыр. Құжат дайын болған соң жақын күндері екі жастағы алматылық бүлдіршін балалар үйіне жөнелтілетін болады.