26 қаңтарда мемлекеттік "Хабар" телеарнасы қаңтар оқиғасы туралы деректі фильм көрсетіп, оқиғаға "Йакын Инкар" радикалды ағым өкілдерінің қатысы барын айтады. Фильмде қаңтар басында Алматы мен Қазақстанның өзге өңірлерінде болған оқиғалар баяндалады. Фильм авторлары оқиға кезінде "әрекет еткен" террористер бір орталықтан басқарылғанын меңзейді, деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
"Ұсталғандар арасында "Йакын Инкар" радикалды ағымының бірқатар өкілі бар. Олардан қару-жарақ, граната, оқ-дәрі, діни брошюралар мен әдебиеттер тәркіленді" делінген фильмде.
"Йакын Инкар" – Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған "Таблиғи Жамаат" радикалды қозғалысының бір тармағы. Қазақстан Бас прокуратурасы аталған ұйым жөнінде алғаш рет 2018 жылы мәлімдеген. Сол кезде ведомство ұйымның бірқатар елдерде (арасында Қазақстан да бар) "халифат" құруды көздейтінін, билікті күшпен басып алуды мақсат ететінін айтқан.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді.