Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Таразда компьютер клубында жұмыс істеп келген жасырын казино әшкереленді

Қазіргі уақытта факті бойынша тергеу жүріп жатыр.

Таразда компьютер клубында жұмыс істеп келген жасырын казино әшкереленді
Фото: 24.kz

Тараз қаласында жасырын казино компьютер клубы ретінде жұмыс істеп тұрған, деп хабарлады paryz.kz.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоға қарасты Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан кафелердің бірінде компьютер клубы ретінде ҚР ойын бизнесі заңнамасының талаптарын бұза отырып, лицензиясыз жасырын казиноның жұмыс істегенін анықтады.

"Жедел-тергеу шаралары нәтижесінде, белгісіз азаматтардың заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі әшкереленді. Тінту барысында сол жерден 25 компьютер, 6 монитор, 4 ойын терминалы және 5 ойын аппараты (слот-машиналар) тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 307-бабына ("Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру") сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі тіркеліп, тергеу шаралары жүргізіліп отыр", – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қаржы мониторингі комитеті елімізде заңсыз ойын мекемелерін жою бойынша жұмысты күшейткен. "Стоп-ойын" шарасы аясында 206 заңсыз ойын орнының қызметі шектеліп, 7 жасырын казино және 30 букмекер кеңсесі жабылды. Заңсыз айналымнан 2 600-ден астам ойын автоматы, терминал мен покер үстелі тәркіленіп алынды.

Айта кетерлігі, заңсыз ойын бизнесіне орын ұсынғаны үшін Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес, 2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.