Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен айналысқан лауазымды тұлғалар жазаланды

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге айыппұл салынды.

Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен айналысқан лауазымды тұлғалар жазаланды
фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қарағанды облысында заңнамалық тыйымға қарамастан кәсіпкерлік қызметпен айналысқан лауазымды тұлғаларды анықтады деп хабарлайды Paryz.kz.

Ведомство ақпаратынша, "Рухани жаңғыру" өңірлік жобалық кеңсесі басшысының орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұза отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

Оның атына тіркелген жеке кәсіпкерлік Теміртаудың Мәдениет сарайына "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Жауыртаудағы кездесу" фестивалін өткізу бойынша 3,9 миллион теңгеге қызмет көрсеткен, - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас факті Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданында тіркелді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы ЖК арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кең тұтынылатын азық-түлік емес тауарларды жеткізіп келген.

Қарағанды қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен лауазымды тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге айыппұл салынды.

Айта кетері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылық туралы 109 іс қозғап, 31,2 миллион теңге айыппұл салды. 100 жеке және 2 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.