Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Нұр-Сұлтандағы көпқабатты тұрғын үйлерде қандала қаптап кеткен

Паразит суық пен ыстыққа төзімді, жойылуы қиын. Түпкілікті құтылудың амалы да жоқ.

Нұр-Сұлтандағы көпқабатты тұрғын үйлерде қандала қаптап кеткен
фото: klopu.ru

Елордадағы көпқабатты тұрғын үйлерді қандала басып жатыр. Одан қашқан тұрғындар апта сайын пәтер ауыстыруға мәжбүр деп хабарлайды Paryz.kzКТК телеарнасына сілтеме жасап.

Риелторлар да қазір қандаласыз үй іздеумен әлек.

Төсекке, киімге жұққан қансорғыштан құтылу өте қиын. Оны камералық дизенфекциялау керек немесе біржола көзін құрту керек. Кейде тұрғындар қандала бұрыш-бұрышына тығылған жаңа жиһазын сол күйі лақтыруға мәжбүр. Ебін тапқандар сатып та жібереді екен.

Паразиттен қашып пәтерден-пәтерге көшіп жүргендер өзінің тасымалдаушы екенін білмейді де дейді дезинфекторлар. 

Басты себеп, пәтер жалдап тұратындар ғой. Пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Бізде, астанада, жалға алушылар көп. Солармен көшеді, бір жерден екінші жерге. Мысалы, қандаласы жоқ пәтерге өзімен қандала алып келеді. Сөйтіп подъезге жаяды, - дейді дезинфектор Рахима Дүйсенбиева.

Нұр-Сұлтандағы үйлерде қандаланың қаптап кетуінің нақты себебі жоқ. Қалада елуден аса кәсіби паразиттерден тазартатын дезинфекциялық ұйым бар. Жасырып қалуға, жалғыз, жалаң қолмен күресуге тағы болмайды. 

Бір рет дезинфекциялық өңдеу жасаудан қандала кетпейді, үш ретке дейін жасау керек. Әр жасатқаннан кейін 7 немесе 10 күнде қайталап отыру керек. Көбі камералық өңдеуге бермейді, көрпе-жастықтарын, үйге толық дезинфекция жасатпайды, көршілеріне айтпайды. Ол өз үйіне ғана жасатады. Бір айға ғана кетеді, одан кейін қайта пайда болады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Санитария-эпидимиология департаментінің бас маманы Айбарша Дүйсенбайқызы.

Әбден зәрезап болған астаналықтар үй жалдап аларда жылу мен судан бұрын қандаланың бар-жоғын сұрайды екен. Онсыз да ай сайын пәтерақы төлейтін жұртқа апта сайын дезинфекция жасату қалтасын салмақ болары анық. 

Бәрі үйді сатып, не жалдап аларда "бұл үйде қандала жоқ па?" деп сұрайды. Біз нақты бар немесе жоқ деп сеніммен айта алмаймыз. Мүмкін бұл үйде осыған дейін ондай мәселе болған шығар. Оны дәлелдей алмаймыз. Қандаланы сатушы, риелтор, үй иесі тіпті кәсіби маман да көрмей қалуы мүмкін ғой, - дейді риелтор Сәуле Нұрпейісова. 

Елордаға қандала эпидемиясы КВИ-нан бұрын келген. Паразит суық пен ыстыққа төзімді, жойылуы қиын. Түпкілікті құтылудың амалы да жоқ. Сондықтан әр үйдің иесі шамасы мен жүйкесі жеткенше, шағатын жәндікпен өзі күресуі тиіс. Өйткені қаланың санэпидемиялық орталығы қандаладан баспананы тазалау жұмысын өз мойнына алмайды.