Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қызылорда облысының мұнайшылары аштық жариялаймыз деп отыр

Айтуларынша, компанияда мұнайшыларға мүлде жағдай жасалмаған. 

Қызылорда облысының мұнайшылары аштық жариялаймыз деп отыр
фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысында орналасқан "Қуатамлонмұнай" компаниясында жұмыс істейтін 300-дей мұнайшы бір күн бойы жұмыстарын тоқтатып, наразылыққа шықты. Олар ең жоғары дегенде 130 мың теңге алатын жалақымызды 50 пайызға көтерсін деп басталатын бірнеше талап қойды. Қазір жұмысшылар шағымына орай, еңбек комиссиясы құрылыпты деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

"Қуатамлонмұнайдың" ауыр жұмыс істейтін жұмысшылар түгел жиналып, кәсіпорынның спорт залында наразылық өткізді. Айтуларынша, компанияда мұнайшыларға мүлде жағдай жасалмаған. Оның үстіне қысы-жазы далада жүріп бейнеттенетін жұмысшылардың жалақысы да өте аз дейді. Қымбатшылық күннен-күнге қысып бара жатса да, еңбек ақымыз он жылдан бері өзгеріссіз деп қынжылды. 

Ешқандай құзырлы орган шеше алмай жатыр. Біздің тек талап ететініміз айлық мәселесі. Айлық солай тұр, нарық өсіп бара жатыр. Ешкімнің шамасы жетпей жатыр. Бәріміз қайту керек едік үйге. Бірақ амал жоқ тұрмыз осында, – дейді мұнай бұрғылаушы Алмат Тұрмаханов.

Барлығының басшылыққа қойған басты талабы, жалақыларын 50 пайызға көтеру. Сонымен қоса тәуелсіздіктің 30 жылдығына берілген сыйақыға да көңілдері толмайтынын айтады. Жиналғандар жағдай жасай алмаған жауапты қызметкерлер орнын босатсын деп талап етті.

Жұмысшылардың киім алмауы. Киімдердің қысқартылуы, зимний киімнің қысқартылуы, летнийді өз уақытында алмауы. Бізге керек техникалардың уақытылы жетпеуі, соның барлығына экономист кінәлі, – дейді мұнай бұрғылаушы Ерболат Сапаров.

Наразы топ бұл мәселемен құзырлы органдарға талай рет шағымдансақ та нәтиже жоқ дейді. Ал мұнайшылардың шағымына қатысты компания басшыларымен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ еңбекті қорғау департаментіндегілер жұмысшылардың талаптарына байланысты екі жақты комисия құрылып, тексеріс бастадық дейді.

Комиссия отырысы нәтижесінде жұмыс беруші нұсқасын хабарлады. 4-10 пайызға жалақыны 1 қаңтардан бастап көтерілетінін хабарлады. ҚР заңнамасына сәйкес қаралу комисиясы 7 күн деп белгіленген. Соған сәйкес осы күндері жұмысшылармен келісімге келетінін айтты, – дейді Қызылорда облысы Еңбек саласын бақылау басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Жапақов..

Ал жұмысшылар талаптарымыз толық орындалмаса, бір аптадан кейін аштық жариялаймыз деп хабарлады.