Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Моноқалалар мен ауылды дамытуға бөлінген 2 триллион теңге қайда кетті?

"Атамекен" ҰКП төрағасының айтуынша, қазір ауылдағы әр отбасының мойнында орта есеппен 900 мың теңге кредит бар. 

Моноқалалар мен ауылды дамытуға бөлінген 2 триллион теңге қайда кетті?
фото: khabar.kz

Ауыл экономикасының жалпы экономикаға әсер ететінін ескеріп, ең алдымен елді мекендердегі бюджет мәселесін дұрыстап шешу керек. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

"Өткен жылы Үкіметтің қолдауымен барлық ауыл орталығында скрининг жүргізілді. Оған 2 миллионнан астам үй шаруашылығы қатысты. Соның 42%-ы ғана тұрақты табысы бар екенін көрсетіп отыр. Орта есеппен әр үйдің табысы – 81 мың теңге, әр адам басына шаққанда 23 мың теңгеден келеді. Әр отбасының мойнында орта есеппен 900 мың теңге кредит бар", – деді Мырзахметов, Сенаттағы ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған парламенттік тыңдау барысында.

Оның айтуынша, ауылдағы мәселелерді шешу бойынша 2004 жылдан бастап 6 бағдарлама қабылданған.

"Ол моноқалаларды, ауыл шаруашылығы аймағын дамытуға бағытталды. Оған 2 триллионға жуық қомақты ақша бөлінген. Әрине, жетістік жоқ деп айта алмаймыз. Көп мәселе шешілді. Бірақ, ауылдың жағдайы әлі де әртүрлі болып отыр. Осындай қаражат салынғанына қарамастан, қазіргі үлкен қалалар мен ауыл шаруашылығы дамыған облыстардың арасы өте алшақ болып отыр", – деді Мырзахметов.

Мысалы, Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының экономикасын салыстырды. Екі аймақтың жалпы экономикасының арасы – 11 есе. Сонымен қатар, ауыл экономикасының жалпы экономикаға әсер ететінін айтқан Мырзахметов, ең алдымен бюджет мәселесін шешуді ұсынды. Оған мысал ретінде ауыл шаруашылығы дамыған Ақмола облысының бюджетін көрсетті.

"Ақмола облысы бюджетінің 67%-ы – әлеуметтік дамуға, 13%-ы – экономикалық дамуға, 10%-ы – инфрақұрылымдық дамуға бөлінген. Яғни, экономиканың дамуына он пайыз ғана қаражат бөлініп отыр. Сондықтан бюджет саясатын нақты өзгертуіміз керек", – деді ол.

Қорыта келе, ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы ауылдың жер ресурсын тиімді пайдалану қажет екенін айтты. Әр ауыл өз шикізатын өндіруге мамандандырылуы керек. Сондай-ақ, ауылда өндірілеген затты сатуға мүмкіндік жасауды ұсынды.