Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Адамның бәрі кредитке өмір сүріп жатыр": "Өскемен су арнасы"-ның жұмысшылары жалақының төмен екенін айтып шағымданды

Ал бұл мәселеден облыс әкімдігі хабардар. Бірақ кәсіпорын қызметкерлерінің мәселесін шеше алмай келеді...

"Адамның бәрі кредитке өмір сүріп жатыр": "Өскемен су арнасы"-ның жұмысшылары жалақының төмен екенін айтып шағымданды
фото: видеодан скриншот

"Өскемен су арнасында" жұмыс істейтін жүзге жуық жұмысшы жалақының төмен екенін айтып, наразылыққа шықты. Олар басшылықтан еңбек ақыларын 100% көтеруді талап етті деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Жұмысшылардың сөзінше, соңғы бес жылда мардымды жалақы алмаған. Тамыз айында басшылық жалақыны өсіреміз деп құрғақ уәдемен шектелген екен 

"Өскемен Водоканал" коммуналдық мекемесінің жүзге жуық қызметкері басшылыққа талаптарын осылай жеткізді. Қолдарына плакат ұстап, еңбекақыны көтеріп беруді сұрады. Жиналғандардың сөзінше, басшылық барлығына тамыз айында жалақыларын көтеруге уәде еткен. Алайда бұл тек сөз жүзінде қалған. Мардымсыз еңбекақымен жан баға алмай қажығандар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған. 

Адамның бәрі кредитке өмір сүріп жатыр. Өйткені бір айдан бір айға жетпейді. Күндіз-түні, сенбі-жексенбі күні шығу керек маған. Семья асырау үшін кешке қалып істейсің. Айлық аз ғой, - дейді жұмысшылардың бірі Ержан Әлімханұлы.

Менің мүгедек балам бар. Соның пенсиясын қосып, әйтеуір осы 70-80 мың теңге айлығыма соның пенсиясын қосып, өмір сүріп жатырмын, - деп мәлімдеді Ермек Кәрімбек. 

Қысы-жазы көлікпен қала көшелеріндегі қоқыс пен қар таситын жүргізушілер жұмыстарының ауыр екенін айтады. Сонымен қатар тізгіндеген техникалары да ескірген. Бұған қоса жұмыс орнында жағдай жасалмағандықтан, қоқыстан отын теріп от жағуға мәжбүрміз дейді. Ал бұл мәселеден облыс әкімдігі хабардар. Бірақ кәсіпорын қызметкерлерінің мәселесін шеше алмай келеді. Себебі кәсіпорынға бөлінген тариф аз және кәіспорын директоры оны көбейту үшін монополияға қарсы агенттікпен соттасып жатыр екен. 

Осы мәселе бойынша біз қазір сотқа бердік. Тариф аз бізде. Ақша ремонтқа, жалақыға жетпейді. Қазір төрт заседания өтті. Бесіншісі ертең болады. Біз мына мәселені қалдырмаймыз. Бәрібір жеңеміз деп ойлаймын. Сотты дұрыстап бітіреміз, - деді "Өскемен Водоканал" МКК директоры Ержан Әубәкіров. 

Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген жұмысшылардың мәселесі не болатыны әзір белгісіз. Кәсіпорын басшысы ұжымның талап-арызы алда болатын сот отырысына байланысты екенін жеткізді. Тіпті соттан жеңілген жағдайда, Жоғарғы сотқа дейін баратынын мәлімдеді.