Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Заитов "Nur Otan"-ға баруға әзір екенін жеткізді

"Маған өз ойымды айтатын жер болса, болды", – дейді айтыскер.

Заитов "Nur Otan"-ға баруға әзір екенін жеткізді
Фото: web.archive.org

Көптен көрінбей кеткен айтыскер ақын Ринат Заитов бірнеше аптадан бері әлеуметтік желіде белсенді. Youtube арнасында бірнеше бағдарлама шығаратынын айтқан ол, бүгінде алғашқы түсірілімдерін жариялап та үлгерді. Ақын qamshy.kz тілшісіне көрінбей кетуінің себебі, жаңа жобасы, "Nur Otan" партиясының қатарына қандай жағдайда кіруге әзір екені жөнінде айтып берді.

Ринат Заитов сұхбаттарға келіспей, көзден таса жүргеннің себебін бастап жатқан жаңа жобаға байланысты шаруаның қауырт болуымен түсіндірді.

"Жобаны әзірлеу аясында көп жұмыс істеу керек болды. Оның идеясы, дайындық кезеңі, түсірілімдер, тағысын тағы дегендей. Жобаны іске асыру үшін кішігірім қаржы керек. Соны іздеу жолында жүрдік. Мұның бәрі еңбек, бәрі жұмыс. Сосын "айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады" дегендей көрінген жерге барып, "мен бүйткелі жатырмын" деп айта бергенді құп көрмедім. Сұхбат бермей кетуім журналистердің Димаш жайлы қайта-қайта сұрайтынымен байланысты. Ол өткен-кеткен, жабық тақырып қой. Оны қайта-қайта қазбалағаннан не пайда?! Ол тақырып маған қазір қызық емес", –  дейді ол.

Айтыскердің айтуынша, youtube жобаларды қолға алып жатқандағы мақсат – қазаққа тәлім-тәрбие беретін, ой салатын дүниелер ұсыну. Бағдарламаларында ұлтараздықты тудыратын, ел ішіне іріткі салатын әңгімелерге жол берілмейді. Басқасының бәрін айтуға әзір.

Сондай-ақ, ақын соңғы сұхбаттарының бірінде "егер шақырса, "Nur Otan" партиясына да баруға дайынмын" деген сөзіне түсінік берді.

"Егер елдің сөзін сөйлеуге мүмкіндік беретін жер болса, мен "Nur Otan"-ға баруға әзірмін. Маған өз ойымды айтатын жер болса, болды. Белгілі бір партия белгілі бір саясат ұстанады дегенге сенбеймін. Біздегі партиялардың бәрі тек бір бағыт ұстанады. Бұл жердегі басты мәселе – сол партиялардың ішіндегі адамдардың өзгеруінде. Міне, солар өзгеруі керек", – деп атап өтті ақын.

Заитов билік партиясына өткен жағдайда аузы буылып қалмайтынын, партияға елдік мүдде үшін ғана баратынын, мансап атаулыға қызықпайтынын жеткізді. 

"Аузым буылмайды. Ары кетсе шығарып жіберер (партиядан – ред.). Партияға "кресло" үшін бармаймын. Мен билікке қызықсам, баяғыда бір жерге отырып алатын едім, ондай мүмкіндік болмады деп айтпаймын", –  дейді ол.

Оның пікірінше, ұлтты, елді ойлайтын азамат, елдің сөзін жоғарыға жеткізу үшін кез келген амалмен билікке баруы керек.

"Біз барлығымыз ұлтты ойлайтын, елді ойлайтын азаматтар кез келген тесік арқылы билікке қазір бармасақ, қазіргі таңда ол жаққа барып жатқан адамдардың қарасы қорқынышты. Ал енді сол жерге жету үшін адамдарды көшеге алып шықсам, өзгеріс болмайды. Себебі жоғарыда заң бар", – деді Заитов.

2019 жылы президент сайлауынан кейін "заңды жаттап, партия ашудың жолдарын қарастырамын" деген ол қазіргі кезде партия құрудан нәтиже шықпайды деген пікірде.

"Партия құрудың нәтижесі болмайды. Мен түсіндіруден жалықтым. Кез келген саяси қадам жағдайға байланысты жасалады. Мысалы, ертең партия ашуға мүмкіншілік берілсе, неге құрмасқа? Бірақ ырылдасып, 47 партия құрып алғанша, бар партиялар мәмілеге келіп, соның ішіне ұлт деп сөйлейтін адамдарды, бір-бірімен ырылдасып жүргендерді кіргізу керек. Менің ойым біреу ғана – халықтың сөзін жоғары жаққа жеткізу. Қай жақ арқылы жетеді, маған ол қызық емес, тек соны айтатын мүмкіндік берсе болды. Мен мәселен президент, премьер-министр халықтың ауыр жағдайын көріп отыр дегенге сенбеймін. Олар жүрген жерде бәрін жылтыратып қояды ғой. Бәлкім, сол үшін көп нәрсені білмейтін шығар. Мен сол үмітпен айтқым келеді. Менің таққа, я болмаса билікке ұмтылған дымым да жоқ. Маған Тоқаевтың алдында 15 минут сөйлеуге мүмкіндік берсе болды. Сосын мен кетіп, домбырамды ұстап, тойдың айналасында беташарымды айтып жүре беремін", – деді ақын.

Заитов партия құрамын деген мәлімдемесі эмоциямен айтылмағанынын, ал қазіргі бастамалары популизм емес екенін атап өтті.

"Қазір халықты бір өсекпен жынды қылып жіберуге болатынын мен түсініп отырмын. Бірақ, мен популизмді қуаламаймын. Мен ата-бабаларымыз тату-тәтті өмір сүргені секілді, бізде де сол сияқты болса деймін. Қазір айналадағылар бір-бірімен қатты ырылдасып жатыр. Соларды татуластырмаса, арты жақсылыққа апармайды", – деп сөзін түйіндеді Ринат Заитов.