Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ұлын көлік қаққан ақсақал әділдік іздеп жүр

2 жылдай уақыт өтсе де Нұрбол Абназаровтың өліміне кінәлі жүргізуші әлі табылмаған.

Ұлын көлік қаққан ақсақал әділдік іздеп жүр
Фото: today.kz

Әділдікке қол жеткізе алмай жүрмін! Бұл - қызылордалық сексенге таяп қалған қарияның базынасы. Былтыр қаңтар айында ақсақалдың ұлын көлік қағып кеткен, деп хабарлады paryz.kz, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген 42 жастағы жігіт үш күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмыпты. Содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де марқұмның әкесінің жаны тыныштық таппай келеді. Себебі, ұлының өліміне кінәлі көлік жүргізушісі әлі табылмапты.

Андрей Хегай – Нұрбол Абназаровтың досы. Сол күні түнде олар Шевченко көшесінде ұшырасып қалыпты. Бір-бірінің жағдайын сұрасып, әңгімелесіп тұрғанда әлдебір көлік келіп, екеуін қағып кеткен.

"Войтинцев көшесі жағынан көлік келе жатқанын байқап қалдым. Жарығы тым қатты түсті, бірақ, аса мән бермедім. Осыдан кейін қатты соққы болды. Нұрбол екеумізді біршама жерге лақтырып жіберді. Әрі қарайғысы есімде жоқ", – дейді Андрей Хегай.

Ал көлік жүргізушісі жерде қансырап, ес-түссіз жатқан екеуіне көмек көрсетудің орнына оқиға орнынан тайып тұрыпты. Ауыр жарақат алған Нұрбол Абназаров үш күннен кейін қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырған. Марқұмның әкесі Оспан Абназаров тергеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, налиды. "Оқиға орнына келген полицейлер айғақ заттарға да аса мән бермеді" дейді ол.

"Оқиғаның болған жеріне үлкен баламыз екеуміз келіп, көлік сынықтары бар ма, басқа бар ма деп қарап жатсақ, мына 105-ші үйдің тұрғыны бір пакет алып шығып тұр: "мынау сіздің балаңыздың заты-ау деймін, осы жерден біз тауып алдық" деп. Сонда кешегі келген үш полиция қызметкері соны да көрмей тастап кеткен ғой. Осындай жауапсыздықтың нәтижесінде, немкетті алып кеткен ғой, болса болар, болмаса қояр дегендей оймен. Қылмыс осы күнге дейін ашылмай отыр", – дейді марқұмның әкесі Оспан Абназаров.

Содан бері 1 жыл 9 ай өтіпті. Алайда, әлі күнге бірде-бір күдікті анықталмаған. Бұл марқұмның әкесін түрлі ойларға жетелеуде. "Көлік тізгіндеген дөкейлердің бірінің баласы емес пе екен?" деген күмәні де жоқ емес.

"Із-түзсіз кеткеннен кейін әртүрлі нәрсе ойға келеді. Мүмкін сол кезде мезетінде жауып тастады ма? "Сол ішкі істер органдары ма, басқа органдардың қызметкерлерінің баласы ма, қағып, сол бетінде жауып тастады ма?" деген ой келеді. Ойланамыз, бірақ, қолдан келетін басқа ешнәрсе жоқ", – дейді марқұмның әкесі.

Қайғыдан қан жұтып, әбден ой қажытқан ақсақал облыстық прокуратураға да, Бас прокуратураға да арыз жазыпты. Алайда, тұщымды жауап ала алмаған. Президентке де хат жолдапты. Ал облыстық Полиция департаментіндегілер тергеу әлі де жүріп жатқанын жеткізді.

"Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен белгісіз автокөлікті анықтау мақсатында барлық болжамдар тексеріліп, барлық сараптамалар тағайындалып, тексеру амалдары толық жүргізіліп жатыр. Дегенмен, нәтиже болмай отыр", – дейді Қызылорда облыстық ПД аға анықтаушысы Әзілхан Ерназаров.

Ал Нұрбол Абназаровтың артында кішкентай ұлы мен зайыбы қалды. Марқұмның отбасы біршама уақыт өтсе де болған жайтқа әлі сенгісі жоқ.

"Тоғыз ай болмай тұрып жетім қалды мына бала. Ең қиыны сол", – дейді марқұмның жұбайы Рузама Хамзатова.

Оқиға орнынан небәрі 100 метрдей жерде расында бейнебақылау камерасы бар. Алайда, одан полицейлер күдікті жүргізушіні көрмек түгіл, автокөліктің маркасын да байқай алмаған сыңайлы. Ал бейнекамера көшенің жарық шамына тым жақын орналасқан екен. Осыдан ба, әлде басқа да себептер бар ма, арада 2 жылдай уақыт өтсе де Нұрбол Абназаровтың өліміне кінәлі жүргізуші әлі күнге дейін анықталмай отыр.